KZ
RU KZ

Астанада автобус ақысы 40 теңгеге қымбаттауы мүмкін

Қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде жолақы құнын қазіргі 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.

Автобус
Автобус Фото: Астана әкімдігі

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. 

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге мөлшерінде 2014 жылы белгіленген. Содан бері, яғни соңғы 12 жылда тариф небәрі бір рет қайта қаралып, қазір 110 теңге болған.

Ал осы уақыт ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың шығындары айтарлықтай өскен. Мәселен, әкімдік мәліметінше, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір оның бағасы 329 теңгеге жеткен. Яғни, жанармай құны үш еседен аса қымбаттаған.

Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да артқан. Егер 2014 жылы автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 100–150 мың теңге аралығында болса, қазір автобус санаты мен жұмыс кестесіне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Бұдан бөлек, қосалқы бөлшектердің, автокөлік дөңгелектерінің, аккумулятор батареяларының бағасы өскен. Автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстары да қымбаттаған.

Әкімдік мәліметінше, 2026 жылы бір жолаушыны тасымалдаудың орташа есептік құны қолданыстағы жолақыдан әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты желтоқсан айының ортасынан бастап жол жүру ақысын 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.