KZ
RU KZ

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын инвестициялау бағытын өз бетінше таңдай алады

Қазақстанда инвестициялық портфельді басқарушыларға зейнетақы активтері бойынша үш түрлі инвестициялық портфель қалыптастыруға рұқсат берілді.

БЖЗҚ
БЖЗҚ Фото: ZTB

Қазақстанда Қазақстанда инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерінің үш түрін қалыптастыру құқығын берді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 30 қазанда тиісті қаулы қабылдаған болатын. 

Атап айтсақ,  «Зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы қабылдады.

«Бұл салымшыларға жеке қалауы мен тәуекелге баруға дайындық деңгейін ескере отырып, инвестициялау бағытын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ зейнетақы активтерін әртүрлі инвестициялық портфель ұсынатын бірнеше ИПБ-ның басқаруына беру арқылы қаражатты әртараптандыруға болады. Енді салымшылар зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына бере алады», — деп түсіндірді агенттік өкілдері 2026 жылғы 3 қарашада.

Сонымен қатар бір ИПБ-ның бірнеше инвестициялық портфелі арасында активтерді бөлу мүмкіндігі енгізіледі.

Ведомствоның мәліметінше, зейнетақы активтерінің стратегиялық маңызын ескере отырып, ИПБ инвестициялай алатын активтер тізімі өзгеріссіз қалады. Зейнетақы қаражаты салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке шоттарында сақталады. Ал оны сақтау мен есепке алуды кастодиан-банк қамтамасыз етіп, қаражаттың белгіленген мақсатқа сай орналастырылуын бақылап отырады.

Салымшылардың мүддесін қорғау үшін ИПБ-ның зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі мен ең төменгі кірістілік деңгейі арасындағы айырманы өз қаражаты есебінен өтеу міндеттемесі де сақталады. Бұл талап басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін алты инвестициялық портфельді басқарушы басқарады. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 205,8 млрд теңге болған. Бұл 2026 жылдың басындағы көрсеткіштен 117,3 млрд теңгеге немесе 132,7 пайызға артық.

Агенттік қабылданған шаралар зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруға, ИПБ басқаруындағы қаражат көлемін ұлғайтуға және басқару тетіктерін икемді етуге ықпал етеді деп күтеді. Сонымен бірге жеке басқарушы компаниялар арасындағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігі артуы мүмкін.

Жеке басқаруға берер алдында нені ескеру керек?

Бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру тәртібі түсіндірілген болатын. Мұндай жағдайда азаматтардың нақты аударған міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады. Алайда өз еркімен таңдаған инвестициялық тәуекел үшін жауапкершілік салымшының өзіне жүктеледі.

Сондықтан зейнетақы қаражатын басқарушы компанияға бермес бұрын оның инвестициялық стратегиясын, бұрынғы жұмыс нәтижелерін және ықтимал тәуекелдерін мұқият зерделеген жөн.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.