«Халықтық құрылысты» мемлекеттік комиссия бақылайды
Биылғы жылдың тоғыз айында елімізде құрылыс жұмыстары көлемі 7,8 триллион теңге болды.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайызға артық.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтуынша, жыл соңына дейін республика бойынша 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Енді мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, біз «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасын әзірлеуге кірісеміз. Оның аясында еліміздегі құрылыс көлемі одан әрі арта түседі», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ол салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын айтты.
«Қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылау орнату үшін мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамына бейінді ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихат депутаттары, Халық кеңесі мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және журналистер кіреді. Сондай-ақ ауқымды құрылыс жұмыстары отандық құрылыс материалдары мен өндірістік базаның мүмкіндіктері есебінен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру барысында бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатаң бақылау орнатудың маңыздылығын айтқан болатын.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2027 жылды Ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған еді.


