KZ
RU KZ

Шетелдік БАҚ: Дженсен Хуангтың Қазақстанға сапары елдің жасанды интеллект саласындағы әлеуетін көрсетті

Жақында NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Дженсен Хуанг
Дженсен Хуанг Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Бұл еліміздің жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мүмкіндіктеріне халықаралық назар аудартты. Технологиялық ынтымақтастық, халықаралық компанияларды тарту және отандық мамандардың әлеуетін арттыру мәселелері туралы британдық халықаралық қаржы-талдау басылымы Global Banking & Finance Review жазды.

Басылымның мәліметінше, әлемдегі жетекші технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнату Қазақстанға тәжірибе алмасуға, білікті мамандар даярлауға, бірлескен жобалар әзірлеуге және отандық командаларды халықаралық жобаларға тартуға жол ашады.

Алайда мұндай байланыстардың маңызы тек кездесулер мен келіссөздермен шектелмеуі керек. Бастысы нақты нәтиже. Яғни инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу, жобаларды жүзеге асыру және ел ішінде кәсіби құзыреттерді дамыту аса маңызды.

Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту жаңа экономиканың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр.

Әңгіме заманауи технологияларды сатып алумен ғана шектелмей, оларды өнеркәсіпке, мемлекеттік басқаруға және басқа да салаларға кеңінен енгізу туралы болып отыр. Мұндай цифрландыру еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Басылым халықаралық технологиялық ынтымақтастықтың мысалы ретінде қазақстандық инженерлер командасы қатысатын Higgsfield стартапын атап өткен.

2026 жылғы тамызда компания бизнесі 5,4 миллиард долларға бағаланып, 400 миллион доллар инвестиция тартқан. Ал қазан айында NVIDIA мен TCV венчурлық компаниясы инвестициялық раундты кеңейтуге қосылған.

Бұл мысал Қазақстанда жұмыс істейтін мамандардың әлемдік нарықта сұранысқа ие технологиялық өнімдерді әзірлеуге қатыса алатынын көрсетеді.

Мақала авторларының пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтан ұзақ мерзімді нәтиже алу үшін инженерлік құзыреттерді дамыту, отандық технологиялық өнімдер жасау және цифрлық шешімдер экспортын кеңейту қажет. Бұл Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект индустриясындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанның жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы жетістіктерін атап өтіп, еліміздің ЖИ экономикасын қалыптастыру жолында белсенді қадам жасап жатқанын мәлімдеген болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.