Үкімет отырысында қандай негізгі мәселелер қаралды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
Жоспар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 12 бағыты бойынша 96 іс-шараны қамтиды және «Халықтық құрылыс» жалпыхалықтық құрылыс жылын жүзеге асыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, ТКШ жаңғырту, өнеркәсіп пен АӨК-ті қолдау, цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын енгізуге бағытталған шаралар кешенін қарастырады. Жекелеген шаралар қатарына кәсіпкерлікті дамыту, салық және қаржы жүйелерін жетілдіру, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, халықты әлеуметтік қолдауды күшейту, жалақыны көтеру және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту кіреді.
Дауыс беру нәтижесінде президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
«Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдаудың негізгі бағыттары мен мемлекет басшысының бастамалары аясында қойылған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталып отыр. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса мән беруі керек»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Әкімдіктерге өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы жүзеге асырып, әлеуметтік нысандардың құрылысын, су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет аппаратымен бірлесіп, Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын енгізу тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасарлары өздеріне бекітілген Жоспардың жүзеге асырылуын қадағалауды және үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Үкіметте дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды
Жиында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыстың негізгі бағыттары туралы баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елімізде вакциналарды сақтау мен тасымалдауды бақылаудың бірыңғай цифрлық жүйесі құрылуда. Бұл жүйе температуралық ауытқуларды нақты уақыт режимінде анықтауға, вакциналардың сапасын сақтауды қамтамасыз етуге және иммунопрофилактика шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаның экономикалық тиімділігі, ең алдымен, вакциналардың жоғалуын азайту және қорларды басқаруды оңтайландыру арқылы қол жеткізіледі.
Жүйеге 3,5 мыңнан астам нысан мен 800-ден астам автокөлікті қосу жоспарланған. Жаңа жүйе вакциналарды жеткізудің барлық кезеңдерінде — Бірыңғай дистрибьютор қоймаларынан медициналық ұйымдарға дейін қажетті температуралық жағдайлардың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе операторы болып «Қазақтелеком» АҚ айқындалды. Цифрлық мониторинг кезең-кезеңімен енгізіледі: 2026 жылы логистикалық тізбектердің 50%-ын қамту көзделсе, ал 2029 жылға дейін 100% қамту жоспарланған.
Қазақстанда вакциналар мен басқа да иммунобиологиялық препараттарды сатып алуға жыл сайын шамамен 38 млрд теңге бөлінеді.
Қазақстанда дәрі-дәрмектің 500-ге жуық жаңа түрі шығарылатын болады
Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба шеңберінде медициналық препараттардың 494 атауын өндіруді жолға қою жоспарлануда. Оларды жүзеге асыру отандық дәрі-дәрмектер шығаруды кеңейтуге, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жасаған сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдердің жалпы сомасы $862 млн-ды құрайды. Өндіріс кезең-кезеңімен игерілетін болады: дәрі-дәрмектердің алғашқы 300 атауын 2027-2030 жылдары шығару жоспарлануда.
Отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсуді көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық дәрі-дәрмектерді өндіру көлемі 37%-ға артты. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгеге өнім өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 30%-ға артық. Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті.
Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Молдава кірді. Отандық фармацевтикалық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуының бір мысалы Шымкентте өндірілген қант диабетін емдеуге арналған дәрілік препаратының бірінші партиясын Болгарияға жеткізу болды.
Саланы одан әрі дамыту үшін Министрлік өндірушілермен ұзақмерзімді шарттарды кеңейтуді және отандық өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырады. Жаңа жобаларды жүзеге асыру елдің өндірістік базасын нығайтуға және қазақстандық өндірістегі дәрі-дәрмектер ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда заманауи дәрі-дәрмектерге қолжетімділік кеңейтіледі
Қазақстанда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізбесін кеңейту жоспарлануда. Оған 14 ауруды емдеуге арналған 22 препарат кіреді.
Денсаулық сақтау министрі тізімді жаңарту заманауи терапияның қолжетімділігін арттыруға және пациенттерді тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген қажетті препараттармен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
«21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын науқастарды, сондай-ақ жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен және қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз ету аясы кеңейтілді. Бұл өзгерістер пациенттер үшін қажетті емнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді»,
— деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
2025 жылдан бері «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электрондық рецепт бойынша дәрілік заттармен қамтамасыз ету үлесі 82%-ға жетті. Бұл дәрі-дәрмектерді пациенттерге тікелей жіберу процесінің ашықтығын арттырады.
Сонымен қатар, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі артады. Пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету үшін 2027 жылға арналған сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда үш ай бұрын басталды. Қыркүйек айында препараттардың қажетті көлемінің 84%-ы сатып алынды. Дәрі-дәрмек тапшылығының пайда болу қаупін төмендету мақсатында төмендетілмейтін қордың көлемі 35%-ға ұлғайды.
Осы жылдың соңына дейін Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында қажеттіліктің 95-100%-ы көлемінде 2027 жылға арналған медициналық препараттардың қажетті қоры қалыптастырылатын болады.
Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің қажеттіліктеріне басымдық бере отырып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді жалғастырады.
