Қырғызстанда президенттікке «артық» кандидат анықталды
18 қарашада пайдаланушылар Орталық сайлау комиссиясы жүйесінен президенттікке үміткер 12-ші кандидаттың пайда болғанын байқаған.
Алайда ресми түрде құжат тапсырғандар саны — 11 адам. Құжат қабылдау 12 қарашада аяқталған болатын.
1983 жылы туған Солпиев Айбектің аты-жөні мемлекеттік «Түндүк» қосымшасында және «Қол жинау» сайтында жеке жазба ретінде пайда болған. Бірнеше сағат ішінде ол оншақты адамның қолдауына ие болып үлгерген. Алайда кейін бұл жазба жүйеден жоғалып кеткен.
Орталық сайлау комиссиясы белгісіз кандидаттың пайда болуын техникалық қателікпен түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 18 қарашада елде сайлау жүйелеріне тестілеу жүргізілген. Сол кезде сынақ мақсатында енгізілген жазбалардың бірі кездейсоқ түрде сервисте көрсетілген. Көп ұзамай ол жүйеден өшірілген.
«Қате тек ақпараттың экранда көрсетілуіне қатысты болды. Ол жүйенің жұмыс деректеріне, соның ішінде нақты кандидаттарды қолдау үшін жиналған электрондық қолтаңбаларға әсер еткен жоқ» деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қол жинау дауыс беру болып саналмайтынын еске салды. Бұл — президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелу үшін қажетті рәсім. Үміткер тіркеуден өту үшін сайлаушылардың кемінде 30 мың қолдау қолын жинауы керек.
Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді.

