«Той мақтан мен бәсекеге айналып барады»: Бас мүфти асабаларға үндеу жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі той өткізу мәдениетіне алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, бүгінде тойларда ысырапшылдық пен орынсыз бәсекелестік белең алып барады.
Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Той — бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесу өтті.
Жиынға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист әрі диктор Зейін Әліпбек, елордалық асабалар мен ҚМДБ қызметкерлері қатысты.
Кездесуде қазақ тойларындағы артық шығын, бір-бірімен жарысу, аста-төк дастарқан жаю, орынсыз ысырапшылдық пен әдепке жат ойындар мәселесі көтерілді.
Бас мүфти қазақ халқы ежелден қуанышын ағайын-туыспен бөлісіп, той жасауды дәстүрге айналдырғанын атап өтті. Ол соңғы жылдары тойдың мәні өзгеріп, мақтан мен бәсекеге ұласып бара жатқанын айтты.
«Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған. Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның сөзінше, той тек көңіл көтеретін орын емес, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тәрбие беретін маңызды жиын болуы тиіс.
«Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», — деді бас мүфти.
Кездесу барысында асабалар да той мәдениетіне қатысты пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

