Салық хабарламасын елемеген кәсіпкерлердің банк шоттары бұғатталып жатыр
Қазақстанда бірқатар жеке кәсіпкердің банк шоттарындағы шығыс операциялары салық органдарының хабарламаларына уақытында жауап бермегені үшін тоқтатылып жатыр, деп хабарлайды ZTB.
Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбірі камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген ескертулерді байқамай қалған. Ал салық органдары белгілеген мерзім өткеннен кейін банк шоттарының бұғатталғанын білген.
Бұл мәселе Threads әлеуметтік желісінде қызу талқылануда. Кәсіпкерлердің жазуынша, салық органдарынан келген хабарламаларда 2025 жылдың екінші жартыжылдығындағы кірістерге қатысты сәйкессіздіктер бары және табыстың бір бөлігі декларацияда көрсетілмеуі мүмкін екені айтылған.
Камералдық бақылау дегеніміз не?
Камералдық бақылау — салық органдарының салық төлеуші ұсынған есептілікті, электрондық шот-фактураларды, банк және өзге де ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді салыстырып тексеруі. Оның мақсаты салық заңнамасындағы ықтимал бұзушылықтарды анықтап, оларды салық төлеушінің өзіне түзетуге мүмкіндік беру.
Егер тексеру барысында есептіліктегі мәліметтер мен мемлекеттік органдардың деректерінде айырмашылық анықталса, кәсіпкерге камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама жіберіледі.
Хабарламаға жауап бермесе не болады?
Қолданыстағы тәртіп бойынша, кәсіпкер камералдық бақылау нәтижелері туралы хабарламаны алғаннан кейін белгіленген мерзімде, яғни 30 жұмыс күні ішінде оған жауап беруі тиіс.
Егер кәсіпкер хабарламаны елемесе немесе заңда көзделген тәртіппен түсініктеме ұсынбаса, салық органы оның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруы мүмкін. Мұндай жағдайда шотқа ақша түскенімен, кәсіпкер оны аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру кезінде қиындықтарға тап болады.
Алайда банк шотының бұғатталуы кәсіпкердің міндетті түрде салықтан жалтарды немесе қосымша салық төлеуге міндетті дегенді білдірмейді. Кейде мәселе есептіліктегі техникалық қателерден, мәліметтердің сәйкес келмеуінен немесе операциялардың әртүрлі кезеңдерде есепке алынуынан туындауы мүмкін.
Мұндай жағдайда кәсіпкер анықталған айырмашылықтарды түсіндіріп, тиісті құжаттарды ұсынуы қажет. Ал егер есептілікте қате болса, оны заңнамада белгіленген тәртіппен түзетуге болады.
Кәсіпкерлер не ескеруі керек?
Мамандар мен кәсіпкерлер үшін мұндай жағдайдың алдын алудың ең маңызды жолы — салық органдарынан келетін хабарламаларды тұрақты бақылау. Атап айтқанда:
-
Салық төлеушінің жеке кабинетін жүйелі түрде тексеру;
-
Мемлекеттік кірістер органдарынан келген хабарламалар мен ескертулерді назардан тыс қалдырмау;
-
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша көрсетілген мерзімдерді қадағалау;
-
Кірістер мен салық есептілігіндегі мәліметтердің сәйкестігін тексеру;
-
Күмәнді жағдай туындаса, салық органына уақтылы түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсыну.
Кәсіпкерлердің пікірінше, мәселенің бір себебі салық хабарламаларының жеткізілуі мен азаматтардың оларды дер кезінде байқауына қатысты қиындықтарға қатысты. Сондықтан олар Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарламаларды салық төлеушінің жеке кабинетімен ғана шектемей, қосымша SMS және eGov Mobile қосымшасы арқылы да жіберу туралы ұсыныс айтып отыр.
Өйткені кәсіпкер үшін банк шотының бұғатталуы жай ғана әкімшілік қолайсыздық емес. Бұл күнделікті саудаға, жеткізушілермен есеп айырысуға, қызметкерлердің жалақысын төлеуге және бизнестің үздіксіз жұмысына тікелей әсер етуі мүмкін.
Сондықтан салық органдарының электрондық хабарламаларын уақытында тексеру және оларға белгіленген мерзімде жауап беру әрбір кәсіпкер үшін маңызды.