«Елден қашқан аграрлар бізге керек пе?»: Тоқаев Қазақстанда тапқан табысын шетелде шашып жүрген кәсіпкерлерді сынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы ең алдымен жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бұл мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналыс өтті. Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысты.
"Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы — молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл — еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын", — деді Тоқаев.
Тоқаев Қазақстаннан пайда тауып, шетелде тұратын кәсіпкерлерді сынға алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жерінен табыс тауып, бірақ өзі ірі қалаларда немесе шетелде тұратын, ауылдың тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытпайтын кәсіпкерлерді сынға алды. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай бизнесмендерге қатысты тиісті шаралар қабылдау қажет.
Президент ауыл шаруашылығын дамытып, өз шаруашылығымен қатар ауылдастарына да көмектесіп жүрген фермерлерге мемлекет қолдау көрсете беретінін айтты. Алайда ауыл шаруашылығы жерлерінен табыс тауып отырғанымен, сол өңірдің әлеуметтік мәселелеріне араласпайтын кәсіпкерлер де бар екенін атап өтті.
"Көбіне олар әлеуметтік жауапкершілік, отандастарына жанашырлық таныту деген ұғымдардан алыс. Адамдардың қажеттіліктері мен мұң-мұқтажы туралы түсініктері де бұлыңғыр. Осыған байланысты бір сұрақ туындайды: жерден де, халықтан да алшақ жүрген мұндай аграрлар бізге керек пе? Меніңше, жауап айқын — керек емес. Олай болса, әрине, заң аясында тиісті шаралар қабылдау қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлер тек өз табысын көбейтуді ғана емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды да ойлауы керектігін баса айтты.

Сонымен қатар президент ауыл шаруашылығы саласының импорттық тыңайтқыштарға тәуелділігіне назар аударды. Қазір елде пайдаланылатын минералды тыңайтқыштардың шамамен жартысы шетелден жеткізіледі.
Бұл мәселені шешу үшін Түркістан облысында фосфор тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салынып жатыр. Ал Маңғыстау облысында Қазақстандағы алғашқы аммиак-карбамид кешенін салу жоспарланған.
Мемлекет басшысы су ресурстарын үнемдеу мәселесін де көтерді
Қазіргі уақытта су үнемдеу технологиялары 700 мың гектар суармалы жерге енгізілген. Бұл жалпы суармалы алқаптың жартысынан да аз. Сондықтан 2030 жылға қарай мұндай технологиялар қолданылатын жер көлемін 1,3 миллион гектарға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Үкімет пен әкімдіктер суармалы жерлерді кеңейту жоспарын нақты су қорымен, каналдардың жағдайымен және электр желілерінің мүмкіндіктерімен сәйкестендіруі керек.
Тоқаевтың айтуынша, заманауи технологияларды енгізбей және жер мен су ресурстарына ұқыпты қарамайынша, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру мүмкін емес.
Президент жиын соңында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

