KZ
RU KZ

Алматыда балалар арасында тұмау өршіп, инфекциялық ауруханаға қосымша төсек-орын қойылды

Алматыда балалар арасында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) маусымдық өршуіне байланысты медициналық мекемелерге жүгінетіндер саны артқан.

Тұмау
Тұмау Фото: Ашық дереккөзден

Қараша айының басынан бері қалалық балалар инфекциялық ауруханасының қабылдау бөліміне 14 мыңнан астам өтініш түскен. Науқастар ағынының көбеюіне байланысты ауруханада қосымша төсек-орын қойылады. Бұл туралы ZTB қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарманың мәліметінше, 1-20 қараша аралығында балалар инфекциялық ауруханасының қабылдау бөліміне 14 166 өтініш түскен. Оның ішінде 2 773 бала стационарға жатқызылған. Бұл жалпы жүгінгендердің 19,6 пайызы. Ал қалған 11 393 балаға ауруханаға жатқызбай-ақ медициналық көмек көрсетілген.

Мамандардың айтуынша, дәрігерге қаралған балалардың барлығын бірдей ауруханаға жатқыза беру қажет емес. Стационарға қабылдау туралы шешім баланың денсаулық жағдайы мен медициналық көрсеткіштерге қарай қабылданады.

Инфекционист дәрігерлер тәулік бойы кезекшілікте

Сонымен қатар ауруханаға түсетін жүктеменің артуына ата-аналардың балаларын емханаға апармай, бірден инфекциялық стационардың қабылдау бөліміне жеткізуі де әсер етіп отыр. Мұндай жағдайлар әсіресе түнгі уақытта жиі кездеседі. Бұл дәрігерлердің жұмысына қосымша салмақ түсіріп, науқастарды тексеру кезегінің ұзаруына себеп болуы мүмкін.

Балаларға дер кезінде көмек көрсету үшін ауруханада инфекционист дәрігерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Науқастар медициналық сұрыптау тәртібімен қабылданады. Яғни алдымен шұғыл медициналық көмекке мұқтаж балалар тексеріледі.

Бұдан бөлек, қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасында қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу қарастырылған. Соның нәтижесінде ауруханадағы жалпы төсек-орын саны 360-тан 427-ге дейін көбейеді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2026 жылдың қазан және қараша айларында Алматыда 6 482 бала түрлі инфекциялық аурулармен ауруханаға жатқызылған. Олардың жартысынан астамы ЖРВИ-мен ауырған. Нақтырақ айтқанда, 3 422 жағдай тіркеліп, жалпы көрсеткіштің 52,8 пайыз болған.

 

 Екінші орында энтеровирустық инфекция тұр

Ауруханаға жатқызу себептері арасында екінші орында энтеровирустық инфекциялар тұр. Бұл диагнозбен 1 208 бала ем қабылдаған. Ал пневмонияға шалдыққан 968 жағдай тіркелген.

Бұдан бөлек, жедел ішек инфекциялары бойынша 341, қызылша бойынша 277 жағдай анықталған. Менингит пен инфекциялық мононуклеозға шалдыққан балалар саны 62-ден болған.

Дәрігерлер балалар арасындағы сырқаттанушылық құрылымында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтады.

Мамандар ата-аналарға баласында суық тию белгілері байқалған бойда инфекциялық ауруханаға асықпай, алдымен тіркелген емханаға жүгінуге кеңес береді. Егер баланың жағдайы мүмкіндік берсе, алғашқы тексеру мен емдеу шараларын емхана дәрігерлері жүргізуі керек.

Ал баланың денсаулығы күрт нашарлаған жағдайда жедел жәрдем шақыру немесе шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерге түсетін өтініш санын, қабылдау бөлімдерінің жүктемесін және кезекші дәрігерлердің жеткіліктілігін күн сайын бақылауда ұстап отыр.

Қосымша ашылатын 67 төсек-орын маусымдық сырқаттанушылық кезінде науқастарды қабылдау мүмкіндігін арттыруға тиіс.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.