75 мың доллар пара және 2 млрд теңге шығын: Алматыда экс-вице-министрге үкім шықты
Алматыда мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) мен Бірінші кредиттік бюро (БКБ) арасындағы ынтымақтастыққа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмади Сарбасов пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот оны лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып бойынша ақтады. Бұл туралы адвокат Нариман Кервенов ZTB редакциясына айтып берді. Бұл іске бұрынғы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы Дәулет Арғандықов, БКБ-ның бұрынғы басшысы Руслан Омаров және орталықтың екі қызметкері де фигурант болды.
Арғандықов Дәулет:
-
ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша — 4 жыл бас бостандығынан айыру;
-
ҚР ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтары бойынша — 7 жыл;
-
ҚР ҚК-нің 210-бабы 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары бойынша — 3 жыл.
Руслан Омаров:
-
ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша — 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру;
-
ҚР ҚК-нің 367-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша — 7 жыл бас бостандығынан айыру;
-
ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі және 210-бабы 2-бөлігінің 1, 2, 3-тармақтары бойынша — 3 жыл бас бостандығынан айыру.
Жазаны ішінара қосу арқылы оған түпкілікті 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ақмади Сарбасов:
-
ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша ақталды;
-
ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігінің 3-тармағындағы айып ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігіне қайта сараланды.
Осы бап бойынша оған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жазасын ол да орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Жазаны ішінара қосу арқылы оған түпкілікті 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмади Сарбасов пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып бойынша сот оны ақтады.
БКБ-ның бұрынғы бас директоры Руслан Омаров пара бергені, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалануға көмектескені және зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге Ақмади Сарбасовқа лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалануға көмектесті деген айып бойынша Омаров ақталды.
ЕРДО-ның бұрынғы басшысы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің экс-вице-министрі Дәулет Арғандықов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану, зиянды бағдарламаларды қолдану және пара беру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалануға көмектесті деген айып бойынша сот оны ақтады.
ЕРДО департаментінің бұрынғы директоры Тәуке Болатбаев пен орталық қызметкері Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда рақымшылыққа байланысты мерзімдері екі жылға дейін қысқартылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сондай-ақ Омаров пен Арғандықовқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Ал Болатбаев пен Дошимовқа бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен және бағдарламалық өнімдермен жұмыс істеуге тыйым салынды. Олар сот залында қамауға алынды.
Сотталған бес адамның барлығы жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған әрбір күні бас бостандығынан айырудың 1,5 күніне теңестіріліп есептеледі.
Бұдан бөлек, сот мемлекет кірісіне 75 мың доллар тәркілеу туралы шешім шығарды. Жәбірленуші тарап келтірілген шығынды өтеуді азаматтық сот тәртібімен талап етуге құқылы.
Іс қалай басталды?
Ақмади Сарбасов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2019 жылдың сәуір айынан бастап вице-министр қызметін атқарған. 2020 жылғы 4 маусымда ол ведомство басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте бес жылға жуық жұмыс істеді.
2025 жылғы 9 сәуірде Сарбасов «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның басшысы болды. Ал 11 сәуірде басқа жұмысқа ауысуына байланысты бірінші вице-министр қызметінен ресми түрде босатылды.
Оның ұсталғаны туралы ақпарат 2025 жылғы 1 шілдеде белгілі болды. Бұл мәліметті Еңбек министрлігі растағанымен, сол кезде істің мән-жайы мен күдікке іліну себептері жарияланбады.
ҚМА мәліметінше, 2025 жылғы 28 маусымда үшеуі кезекті 75 мың доллар көлеміндегі параны беру кезінде ұсталған. Тінту барысында 370 мың доллар мен 4,5 миллион теңге тәркіленген. Сот оларды екі айға қамауға алуға санкция берген.
Сол жылдың қыркүйегінде Сарбасовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша аса ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылғаны белгілі болды.
Мемлекет қалайша 2 миллиард теңгеге жуық қаржыдан қағылуы мүмкін еді?
Тергеу нұсқасы бойынша, схема мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге байланысты болған.
2020 жылғы желтоқсанда ұйым басшылары Дәулет Арғандықов пен Руслан Омаров қосымша келісімге қол қойған. Оған сәйкес, сұраулардан түсетін табыстағы БКБ үлесі 30 пайыздан 35 пайызға дейін өскен. Ал мемлекеттік орталықтың үлесі 70 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеген.
Бұдан бөлек, тергеу нұсқасы бойынша, 2022 жылы ЕРДО жүйесіне Мемлекеттік кредиттік бюроның сұрауларын өңдеу процесін баяулататын механизм енгізілген. Ал БКБ-ның сұраулары жылдамырақ өңделіп, бұл оған бәсекелесінен артықшылық беруі мүмкін болған.
Айыптау тарапының мәліметінше, 2021 жылғы қаңтардан 2025 жылғы сәуірге дейін мемлекет 1 миллиард 958 миллион теңге көлемінде кіріс ала алмаған.
Сарбасовтың қатысы қандай және 75 мың доллар қайдан шықты?
Арғандықов 2025 жылғы наурызда қызметінен кеткеннен кейін ЕРДО-ны Ақмади Сарбасов басқарды.
Айыптау нұсқасы бойынша, ол тағайындалмай тұрып Арғандықов өзінің орнына кімнің келетінін Руслан Омаровпен талқылаған. 2025 жылғы 8 сәуірде Threema мессенджерінде жазылған хат алмасуда Арғандықов Сарбасов туралы «өз адамы болады» деп жазған-мыс.
Тергеу мәліметінше, ЕРДО-ның жаңа басшысы қызметке тағайындалғаннан кейін Бірінші кредиттік бюроға тиімді келісім шарттарының сақталуын қамтамасыз еткен.
Айыптау тарапының мәлімдеуінше, компанияның мүддесін қолдағаны үшін Сарбасовқа БКБ-ның ай сайынғы табысының шамамен 5 пайызына тең сыйақы берілуі тиіс болған.
Нәтижесінде тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылғы 28 маусымда Арғандықов пен Омаров Сарбасовқа 75 мың доллар берген. Дәл осы сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері пайда болған.
Кейінгі тінту кезінде қолма-қол ақша тәркіленіп, іс фигуранттарының мүлкіне тыйым салынған.
Еске салайық, бұған дейін прокурор соттан Сарбасовты сегіз жылға, Арғандықовты 12 жылға, Омаровты 15 жылға, ал Болатбаев пен Дошимовты төрт жыл сегіз айдан бас бостандығынан айыруды сұраған еді.


