KZ
RU KZ

Ташкентте жаппай уланған қазақстандық жас футболшылар елге оралды

Дәрігерлердің бақылауында болған жас спортшылардың жағдайы жақсарған соң барлығы ауруханадан шығарылып, елге қайтарылды.

Жас футболшылар
Жас футболшылар Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Ташкент қаласында өткен халықаралық Dostlik Cup 2026 турнирі кезінде жаппай уланып, ауруханаға түскен Қарағанды облысының жас футболшыларының барлығы емделіп, Қазақстанға оралды. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі хабарлады.

Дипломатиялық өкілдіктің мәліметінше, Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп жұмыс істеп, зардап шеккен балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсеткен. 

Оқиға тіркелген алғашқы күннен бастап Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, медициналық мекемелермен және екі елдің құзырлы органдарымен тұрақты байланыста болған. Елшілік қызметкерлері ата-аналарға консулдық және ұйымдастырушылық көмек көрсетіп, балалардың емделуі мен елге қауіпсіз оралуына қатысты мәселелерді үйлестіруге атсалысқан.

Жас футболшыларды ауруханадан шығарып салуға медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының өкілдері де қатысқан. Балалардың ата-аналары көрсетілген қолдау үшін Қазақстан елшілігіне, Ташкент қаласының әкімдігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасына және № 5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне алғыс білдірді.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де медицина мекемесінің басшылығы мен қызметкерлеріне, сондай-ақ оқиға салдарын жоюға жұмылдырылған барлық қызметке жедел әрекеті мен кәсіби көмегі үшін ризашылығын жеткізді.

Еске салайық, Қарағанды облысынан барған жас футболшылар Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу кезінде жаппай уланған болатын. Оқиғаға байланысты 19 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 17-сі ауруханаға жатқызылды. Ауруханаға түскендер арасында 11 бала мен 6 ересек адам болған.

Осы дерек бойынша Өзбекстан Бас прокуратурасы санитарлық заңнама талаптарын бұзу фактісімен қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында балалардың улануына не себеп болғаны және санитарлық талаптардың сақталуына жауапты тұлғалардың әрекеті тексеріліп жатыр.

Қазіргі уақытта жас футболшылардың барлығы елге оралғанымен, оқиғаның нақты себептерін анықтау бағытындағы тергеу амалдары жалғасуда.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.