KZ
RU KZ

Қазақстан мен АҚШ қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстанның Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов АҚШ елшісі Джулия Стаффтпен кездесті.

Қазақстан АҚШ
Қазақстан АҚШ Фото: Қорғаныс министірлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кездесуге АҚШ елшілігінің әскери атташесі, полковник Кристофер Дистифено да қатысты.

Ведомство кездесу туралы қысқаша ақпарат берді. Белгілі болғандай, тараптар қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылаған.

Қайғылы оқиғадан кейін армияда реформа басталды

Айдос Мырзахметов Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігін басқарды. 24 қыркүйекте әскери жаттығу кезінде толқын 17 әскери қызметшіні алып кеткен. Олардың тек үшеуі ғана аман қалды. Осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі ауысты. Салғырттық танытты және кеме жүргізу ережелерін бұзды деген күдікпен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қоса алғанда, сегіз лауазымды тұлға қамауға алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен армияда ауқымды тексеріс басталды. Комиссия Қорғаныс министрлігінің 100-ден астам нысанын тексерді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 37 іс қылмыстық қудалау органдарының қарауында жатыр. Сонымен қатар тексерушілер ведомствоның шығындарын, әскери қызмет жағдайын, сарбаздардың тамақтануы мен медициналық қамтамасыз етілуін зерделеп жатыр.

Осы жұмыстармен қатар Қазақстанда әскери реформа басталды. Армияда командирлерге тәуелсіз әскери кеңесшілер институтын құру, қызмет жағдайын жақсарту және әскерге шақырылушыларды даярлау жүйесін өзгерту жоспарланып отыр.

Жаңа жүйе бойынша сарбаздар алғашқы алты айда арнайы орталықтарда білім алып, кейін әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл тәртіпті 2027 жылы сынақтан өткізу көзделген.

Президент әскери қызметшілерді басқару және даярлау тәсілдерін қайта қарауды талап етті. Негізгі ұйымдастырушылық өзгерістерді 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал ауқымды реформалар бірнеше жылға созылады.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.