KZ
RU KZ

Шоқан Уәлиханов мұрасын жасанды интеллект жаңғыртты

Қазақстанның әр өңірінен келген 96 қатысушы Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жасанды интеллект арқылы таныстыруға арналған «Shoqan AI» байқауына 90 бейнежұмыс ұсынды.

Байқау қатысушылары
Байқау қатысушылары Фото: ALMAU

Байқау мақсаты — ұлы ғалымның еңбектерін жастарға заманауи технологиялар арқылы насихаттап, зерттеуге деген қызығушылықты арттыру.

Байқау жеңімпаздары 5–6 қарашада Алматыда өткен II халықаралық Shoqan Forum аясында марапатталды.

Бірінші орынды туризм мамандығы бойынша білім алып жатқан екінші курс студенті Дінислам Мұхтар иеленді.

Екінші орын AlmaU университетінің Digital Filmmaking білім беру бағдарламасының студенттері Әделия Төкенова мен Милена Серебренниковаға бұйырды.

Үшінші орынға Астана халықаралық университетінің студенті Әділжан Ғабдулуохап, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің студенті Назерке Наурызбай және AlmaU студенті Қарақат Мұстафаева лайық деп танылды.

Форум Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналды. «Шоқан Уәлиханов феномені: Ұлы даланың жаһандық контекстегі зияткерлік мұрасы» тақырыбымен өткен халықаралық жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық индустрия мамандары қатысты. Олар Шоқан мұрасын кино, цифрлық жобалар және өнер арқылы кеңінен таныту жолдарын талқылады.

Форум барысында мемлекет қайраткері Жақсыбек Күлекеев Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерімен қатар, оның суретшілік қырын да тереңірек зерттеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Шоқан тек көрнекті ғалым, ағартушы және саяхатшы ғана емес, сонымен бірге XIX ғасырдағы Орталық Азияның тарихи-мәдени келбетін суреттері арқылы бейнелеген талантты график-суретші болған.

Журналист Дархан Әбдік форумға қатысушыларға «Аққан жұлдыз» фильмін таныстырды. Сонымен қатар ғалымның «Манас» эпосын зерттеуге қосқан үлесі, оның ғылыми еңбектерінің халықаралық маңызы және Шоқантанудың қазіргі бағыттары талқыланды.

6 қарашада форумның көшпелі отырысы Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Шанханай ауылындағы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық кешенінде жалғасты. Бұл шара ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеуге, тарихи жадты сақтауға және оның еңбектерін кейінгі ұрпаққа танытуға арналды.

Айта кетейік, Шоқан Уәлиханов (1835–1865) — қазақтың көрнекті ғалымы, этнографы, тарихшысы, географы әрі саяхатшысы. Ол Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның тарихын, географиясын, этнографиясын зерттеуге елеулі үлес қосты. Ғалымның Қашғарияға жасаған сапары мен осы өңір туралы ғылыми еңбектері халықаралық ғылыми ортада да жоғары бағаланады.

Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен кино және бейнежобалар жасауға деген қызығушылық та артып келеді. Мәселен, биыл 1–3 қазан аралығында Астанада алғаш рет Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалі өтті. Оған әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс түскен. Қазақстан 829 өтініммен қатысушылар саны бойынша екінші орынға жайғасты.

Осы тұрғыдан алғанда, «Shoqan AI» байқауы да жасанды интеллектіні тек технологиялық құрал ретінде емес, тарихи мұраны жаңаша таныстыру мен ғылыми білімді кеңінен тарату мүмкіндігі ретінде пайдаланудың бір үлгісі болды.

Форум ұйымдастырушыларының пікірінше, Шоқан мұрасын заманауи форматта ұсыну жастардың тарих пен ғылымға қызығушылығын арттырып, қазақтың ұлы тұлғаларын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.