Еліміздегі әр бесінші медициналық ұйым басшысы аттестаттаудан өте алмады
Қазақстанда медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларына жүргізіліп жатқан аттестаттау кезінде қатысушылардың әрбір бесіншісі қажетті өту балын жинай алмаған.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда босандыру ұйымдары, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары мен олардың орынбасарлары аттестаттаудан өтіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2026 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге қатысқандардың 20 пайызы белгіленген өту балын жинай алмаған.
Аттестаттаудың алғашқы кезеңі, яғни тестілеу 14 қазанда басталған. 2 қарашаға дейін оған 15 өңірден 235 адам қатысқан. Бұл аттестаттаудан өтуге тиіс барлық маманның 72,1 пайызына тең.
Алдын ала қорытынды бойынша, 188 адам немесе қатысушылардың 80 пайызы тестілеуден сәтті өткен. Қажетті балды жинай алмаған 47 адамның 25-і медициналық ұйым басшылары, ал 22-сі басшы орынбасарлары.
27 адам тестілеуге мүлдем келмеген
Министрліктің хабарлауынша, теріс нәтиже көрсеткендердің ең көп саны Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Осы үш өңірге өту балын жинай алмаған қатысушылардың жалпы санының 55,3 пайызы тиесілі.
Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында тестілеуге қатысқан мамандардың барлығы қажетті балды жинап, сынақтан сәтті өткен.
Денсаулық сақтау министрлігі аттестаттау тек медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларына ғана жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жарияланған көрсеткіштер аттестаттаудың түпкілікті қорытындысы емес, алғашқы кезеңнің аралық нәтижелері саналады.
Тестілеу 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.


