KZ
RU KZ

Әйелдер боксындағы сенсация: Назым Қызайбай Қазақстан чемпионаты финалында жеңілді

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Тараз қаласында өткен бокстан ел чемпионатының финалында күтпеген жерден жеңіліп қалды.

Элина Базарова
Элина Базарова Фото: Қазақстан бокс федерациясы

54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен алматылық боксшы алтын медаль үшін өткен жекпе-жекте шымкенттік Элина Базароваға есе жіберді. Тартысты кездесу төрешілердің 2:3 есебімен аяқталды.

Финалдық жекпе-жек тәжірибелі Назым Қызайбайдың басымдығымен басталды. Бірінші раундта төрешілердің барлығы оның жеңісін мойындады. Алайда екінші және үшінші раундтарда Элина Базарова басымдықты өз қолына алып, лайықты қарсылық көрсетті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті Шымкент қаласының өкіліне берді.

Осылайша, 22 жастағы Элина Базарова Қазақстан чемпионы атанса, Назым Қызайбай күміс медальді қанағат тұтты.

Бұл нәтиже жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені Назым Қызайбай — Қазақстан әйелдер боксының ең атақты әрі тәжірибелі спортшыларының бірі. Ол әлем чемпионаттарында бес медаль жеңіп алған. Оның үшеуі — алтын, қалған екеуі — күміс және қола жүлде. Сонымен қатар боксшы 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.  2024 жылы Азия чемпионы атағын да иеленген.

Назым Қызайбайдың негізгі әрі өзі үшін дәстүрлі салмағы — 48 келіге дейінгі санат. Дәл осы салмақта ол әлемдік деңгейде бірнеше мәрте жоғары нәтиже көрсеткен. Ал Тараздағы ел чемпионатында 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынады.

Қарсыласы Элина Базарова да халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған боксшы. Ол 2022 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, бокстан беделді Странджа халықаралық турнирінде де жеңіске жеткен.

Элина Базарова ұлттық құрама сапында да өнер көрсеткен. 2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында 1/8 финалға дейін жеткен. Былтыр кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, Өзбекстан өкілі Ситора Шоғдарованы жеңген.

Осы жолы Элина елдегі ең тәжірибелі боксшылардың бірін ұтып, өзінің мүмкіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Назым Қызайбайды жеңуі жас спортшы мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі екені сөзсіз.

Айта кетейік, Назым Қызайбай Қазақстан әйелдер боксы тарихында өзіндік орны бар спортшы. Оның әлем чемпионаттарындағы үш алтын медалі — ел боксының ең жоғары жетістіктерінің бірі. Сондықтан Тараздағы финалдың нәтижесі жанкүйерлер мен спорт мамандарының назарын аударды.

Элина Базарова спорттық нәтижелерімен қатар әлеуметтік желідегі белсенділігімен де танымал. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 12 мыңнан астам адам жазылған. Боксшының жеңісі туралы жаңалықтан кейін жанкүйерлер жас спортшының болашақтағы мүмкіндіктерін де талқылап жатыр.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.