Ақтауда электр жарығының өшуіне байланысты тұрғындар жолды жауып тастады
Ақтауда электр жарығының ұзақ уақыт бойы болмауына наразы тұрғындар жолды жапты.
Тұрғындар үйлерінде ұзақ уақыттан бері жарық, ыстық су және жылу жоқ екенін айтады.
Lada.kz басылымының хабарлауынша, қала тұрғындары 19А және 20-шағын аудандар арасындағы жолды жауып, билік өкілдерінің назарын өз мәселелеріне аударуға тырысқан.
Тұрғындардың сөзінше, электр жарығы жиі өшіп қалады. Салдарынан олар электр жылытқыштарын пайдалануға мәжбүр. Сондай-ақ электр қуатының жиі болмауы тұрмыстық техниканың істен шығуына себеп болуы мүмкін деп алаңдайды.
Қала әкімдігі электр жарығының өшуіне жоғары кернеулі кабельдердің зақымдануы себеп болғанын түсіндірді. Сол себепті 20-шағын аудандағы бірнеше тұрғын үй жарықсыз қалған.
«Апаттық бригада жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазір электрмен жабдықтау жүйесін негізгі схема бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда» деп мәлімдеді Ақтау қаласының әкімдігі кешкі уақытта.
Генератор орнатылып, іске қосылғаннан кейін электр энергиясы мен жылу беру қайта қалпына келтірілген.


