KZ
RU KZ

Түркияның Измир қаласындағы зауытта жарылыс болып, қаза тапқандар саны 17-ге жетті

Тағы 12-14 адам жарақат алып, ауруханада ем қабылдап жатыр.

Түркиядағы зауытта жарылыс
Түркиядағы зауытта жарылыс Бейнеден скриншот

Олардың кейбірінің жағдайы ауыр. Құтқару қызметі оқиға орнында жұмыс жүргізіп, апат себептерін анықтау үшін тергеу басталды.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 9 қарашада Измир провинциясының Алиаға ауданында орналасқан HABAŞ Demir Çelik металлургия зауытында болған. Жарылыс жергілікті уақыт бойынша сағат 11:46 шамасында тіркелген. Одан кейін кәсіпорын аумағында өрт шығып, аспанға қою түтін көтерілген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері, полиция мен іздестіру-құтқару топтары жіберілген. Өрт кейін сөндірілгенімен, жарылыстың салдары ауыр болды.

Измир провинциясының губернаторы Сүлейман Эльбанның түсіндіруінше, апат өндірістік жабдықты ауыстыру жұмыстары кезінде болған. Қазандықты алмастыру барысында кран құлап, оның бөлшектері газ құбырына зақым келтірген. Соның салдарынан газ жарылған.

Губернатордың айтуынша, сол уақытта зауытта әдеттегі өндіріс жұмыстары жүргізілмеген. Алайда жабдықтарды ауыстыруға байланысты кәсіпорын аумағында жұмысшылар болған. Күнделікті ауысым кезінде зауытта 300-ден астам адам еңбек етсе, апат болған сәтте жөндеу жұмыстарына байланысты олардың шамамен 20-сы оқиға орнында болған.

9 қараша күні кешке қарай Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 16 адамның қаза тапқанын хабарлады. Кейін тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болып, құрбандар саны 17-ге жеткен. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстарына төрт прокурор тағайындалған. Тергеу барысында апатқа қатысы болуы мүмкін алты күдікті ұсталды. Құзырлы органдар олардың жауапкершілігін және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған апаттың барлық мән-жайы анықталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу барысында оқиғаға біреудің салғырттығы немесе қауіпсіздік талаптарын бұзуы себеп болды ма, сондай-ақ оған кім жауапты екені анықталуы тиіс. Ауруханаға түскен жұмысшылардың жағдайымен денсаулық сақтау, энергетика және еңбек министрлері де танысқан.

Қазіргі уақытта бұл апат Түркиядағы өндірістік қауіпсіздік мәселесін қайта көтеріп отыр. Дегенмен кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылған-бұзылмағаны және қай тараптың жауапты екені тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады. 

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.