2027 жылдан декреттегі әйелдердің зейнетақы төлемі азаяды, ер адамдардың бала күтімі төленбейді
Бұдан былай міндетті зейнетақы жарналары тек әлеуметтік төлемнің өзінен ғана аударылады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтіміне байланысты демалыста отырған әйелдердің зейнетақы жарналарына мемлекет тарапынан берілетін қосымша төлем тоқтатылады.
Қазақстанда босанғаннан кейін жұмыс істейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейін табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ай сайын әлеуметтік төлем беріледі.
Бұл төлемнің мөлшері қызметкердің соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызына тең. Әлеуметтік төлемнен 10 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады.
Сонымен қатар мемлекет республикалық бюджеттен субсидия бөлу арқылы әйелдердің зейнетақы шотына қосымша жарна аударып келеді. Бұл қосымша төлем әйелдің бұрынғы орташа айлық табысынан есептелетін зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемнен ұсталған жарна арасындағы айырмашылықты өтеуге арналған.
Алайда 2027 жылдан бастап бұл субсидия тоқтатылады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді?
«Учет» порталының хабарлауынша, келесі жылдың басынан бастап мемлекет бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алушылардың зейнетақы жарналарын субсидиялауды тоқтатады. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекстен бюджет субсидияларын беру мен аудару тәртібін реттейтін баптар алынып тасталады.
Бұл өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін әлеуметтік төлем мен бюджет субсидиясын алып келген әйелдерге де қатысты. Олар үшін де мемлекеттік қосымша төлем тоқтатылады.
Маңыздысы, бала күтіміне байланысты негізгі әлеуметтік төлем сақталады. Бұрынғыдай одан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, БЖЗҚ-ға аударылады.
Мысалы, әйелдің орташа айлық табысы 500 мың теңге болсын. Бұл жағдайда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем айына 200 мың теңгені құрайды. Бұл — жоғалтқан табысының 40 пайызы. Осы қаражаттан зейнетақы шотына 10 пайыз, яғни 20 мың теңге аударылады.
2026 жылдың соңына дейін мемлекет әйелдер үшін жарна айырмашылығын өтеу мақсатындағы қосымша 30 мың теңге төленеді. Нәтижесінде оның зейнетақы шотына ай сайын жалпы 50 мың теңге түседі.
Ал 2027 жылдан бастап мемлекеттік субсидия тоқтатылып, зейнетақы жарнасы тек әлеуметтік төлемнен ғана аударылады. Демек, әйелдің БЖЗҚ-дағы шотына ай сайын 20 мың теңге ғана түседі.
Тиісінше, бұл өзгеріс болашақта әйелдің зейнетақы жинағына әсер етері сөзсіз. Өйткені оның жеке шотына бұрынғыдан аз қаражат аударылады.
Тағы бір маңызды өзгеріс
Қазір әйел бала бір жарым жасқа толмай тұрып жұмысқа шықса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтатылады. Ал 2027 жылдан бастап бұл шектеу алынып тасталады.
Яғни әйел бала бір жарым жасқа толғанға дейін ресми түрде жұмысқа шығып, сонымен қатар бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алуды жалғастыра алады.
Сондай-ақ келесі жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем алу құқығы тек анасына беріледі.
Ал әкелерге ақысыз демалысқа шығу мүмкіндігі ғана сақталады.

