«Даму» қоры жоспарды орындамаса да, басшылардың жалақысы неге өскенін түсіндірді
«Даму» қорының есебіне сәйкес, басшылық құрамның жалақысы мен сыйақылары 30 пайыздан астам өскен.
Алайда қор шағын бизнесті қамту бойынша жоспарды орындай алмаған. Жоспарланған 1,77 пайыздың орнына нақты көрсеткіш 1,39 пайыз болған.
Журналистер топ-менеджерлердің еңбекақысы қандай жетістіктері үшін көтерілгенін сұрады. Үкіметтегі брифингте «Даму» қоры басқармасының төрағасы Фархат Сәрсекеев мұны қор жұмысының нәтижелерімен және инфляциямен байланыстырды.
"Өткен жылы Даму қоры 2,2 трлн теңгеге 13 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. „Өрлеу“ және „Іскер аймақ“ сияқты түрлі бағдарламалар іске қосылды", — деді Сәрсекеев.
Ол басқа жетістіктер қатарында «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офисі мен кәсіпкерлерге арналған мобильді кеңселердің іске қосылғанын атап өтті.
«Бұл ретте проблемалық портфельдердің деңгейі бізде 1,7 пайыздан аспайды. Осы көрсеткіштерді, сондай-ақ инфляция үрдісін ескере отырып, директорлар кеңесі мен акционер жалақы мөлшерін өзгерту туралы шешімді қолдады», — деп қосты ол.
Алайда Сәрсекеев «Даму» қорының шағын бизнесті қамту бойынша жоспарды неліктен орындай алмағанын түсіндірмеді.

