KZ
RU KZ

«Ұмай» әйелдер ипотекасына тағы да иін тірескен кезек болды

Қазақстанда «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудың екінші кезеңі басталды.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы
«Ұмай» әйелдер ипотекасы Кадрдан скриншот

Бағдарламаға деген сұраныстың жоғары болғаны соншалық, «Отбасы банк» бөлімшелерінің алдында таңертеңнен ұзын-сонар кезек болды. Кей жерлерде баспана алуға өтінім беруге асыққан әйелдер арасында адамдардың иін тірескен жағдайы да байқалған.

Өтінім қабылдаушылардың көптігінен банк сервистерінің жұмысы да іркіліспен жүре бастаған. Банк мәліметінше, сағат 11:30–дағы жағдай бойынша 300 өтінім қабылданған.

Ал ипотека рәсімдеуге ниетті әйелдер бірнеше сағат бойы кезектерін күтуге мәжбүр болғандарын айтып, шағымданды. Сұраныстың көптігінен құжаттарды бейнебайланыс арқылы тапсыру әрекеті де кей жағдайда нәтиже бермеген.

Банк өкілдері мұндай кідірістерге өтінімдердің күрт көбеюі себеп болғанын түсіндірді. Сонымен қатар олар ипотека рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне міндетті түрде келудің қажеті жоқ екенін еске салды. Өтінімді қашықтан, бейнеқызмет көрсету арқылы немесе кеңесшілердің көмегімен беруге болады.

«Бағдарламаның екінші кезеңі аясында жалпы сомасы 20 млрд 266 млн теңгеге 851 сертификат берілді. Осылайша, бөлінген қаржыландыру көлемі толық игеріліп, жаңа өтінімдерді қабылдау аяқталды. Әрбір өтінімнің артында баспаналы болу арманы тұрғанын білеміз және бұл мүмкіндіктің сіздер үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. «Ұмай» бағдарламасына білдірген сенімдеріңіз бен қызығушылықтарыңыз үшін алғыс айтамыз!» деп жазыланған хабарламада.

Бұл жолы бағдарламаға 20 миллиард теңге бөлінген. Салыстыру үшін айта кетсек, тамыз айында өткен алғашқы кезеңде банк 855 өтінім қабылдаған. Ал сол кезде бөлінген қаржы лимиті бір күн ішінде толық игеріліп кеткен.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.