«Вояджер-1» ғарыш зонды жаңа рекорд орнатуға дайындалып жатыр
18 қараша күні Астана уақытымен шамамен сағат 15:16–да «Вояджер-1» ғарыш зонды Жерден бір жарық тәулігіне тең қашықтыққа, яғни шамамен 26 миллиард шақырымға алыстайды.
Бұл туралы NASA хабарлады.
Ғарыш зонды 1977 жылы 5 қыркүйекте Канаверал мүйісінен Titan IIIE-Centaur зымыран тасығышымен ұшырылған. 2012 жылы аппарат алғаш болып гелиосфера шекарасынан өтіп, жұлдызаралық кеңістікке шықты.
Зондтың бортында диаметрі 30 сантиметр болатын, алтын жалатылған мыс грампластинка бар. Оған Жердің суреттері мен дыбыстар жазылған. Пластинкада Чак Берридің «Johnny B. Goode» композициясы, Бетховеннің Бесінші симфониясы, Аустралияның байырғы тұрғындарының әндері, 55 тілдегі сәлемдесу сөздері және Күн жүйесінің координаттары көрсетілген карта сақталған.

