Ақтөбеде дәмханада жарылыс болып, екі адам ауруханаға түсті
13 қарашада таңертең Ақтөбе қаласында бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ жарылып, соңы өртке ұласты.
Жарылыс салдарынан дәмхананың ғимаратқа жапсарлас салынған бөлігі қирап, жақын маңдағы тұрғын үйдің терезелері зақымданған. Екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиға шамамен сағат 10:30–да Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, ғимараттың бір бөлігі опырылып, құрылыс материалдары мен темір құрылғылар көшеге шашылған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан ғимараттан қою түтін шығып, маңайда құрылыс қалдықтары жатқанын көруге болады.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыс дыбысы өте қатты естілген. Сол маңнан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі жарылыс болған сәтте оқиға орнына жақын жүргенін айтқан.
«Мен сол маңнан өтіп бара жатқанмын. Бұл жолмен үнемі жүремін. Ломбард тұрған жердегі жаяу жүргіншілер өткелінен енді ғана өткенімде, қатты жарылыс болды», — дейді куәгер әйел.
Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, аталған дәмханада жастар, оның ішінде студенттер де жұмыс істейді.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқыс оқиғаға газ-ауа қоспасының жарылуы себеп болған. Жарылыстан кейін дәмханаға жапсарлас салынған құрылыс бөлігі құлап, өрт шыққан. Сонымен қатар бес қабатты тұрғын үйдің бірнеше пәтерінің терезелері бүлінген.
Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, өрт сағат 10:53–те толық сөндірілген. Оны сөндіруге 45 құтқарушы мен 10 арнайы техника қатысты.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен жарылыстың нақты себептері анықталып жатыр.


