KZ
RU KZ

Көпірлерді қалпына келтіруге 235 млрд теңге жұмсалады

Қазақстанда Даму инфрақұрылымы қорының қаражаты есебінен көпірлерді жөндеуге 235 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсау көзделген.

Көпір
Көпір Фото: Ашық дереккөзден

2026 жылға дейін жергілікті маңызы бар апатты көпір құрылыстарын жөндеу республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып келді. 2026 жылдан бастап бұл жұмыстарды қаржыландыру жалпы сипаттағы трансферттерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Қаржыландырылатын жобалар тізбесін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады. Қосымша қаржыландыру көзі — Даму инфрақұрылымы қоры. Оның қаражаты есебінен жалпы 234,7 млрд теңге болатын 43 жоба іске асырылады. 

Қазіргі уақытта 2027-2031 жылдарға арналған көпір құрылыстарын түгендеу, жаңғырту және жетілдіру бағдарламасы әзірленіп жатыр.

"Жоба мүдделі тараптармен келісу сатысында. Оны биылғы жылдың соңына дейін бекіту жоспарланып отыр. Бағдарлама республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпір құрылыстарын қамтиды. 

Бағдарлама аясында жергілікті жол желісіндегі барлық көпір құрылыстары жаппай түгенделіп, техникалық төлқұжаттар әзірленеді. Алынған мәліметтер Көпірлерді пайдалану жөніндегі басқару жүйесіне (КПБЖ) енгізіледі.

Тексеру нәтижелері бойынша нысандардың техникалық жай-күйі бағаланып, оларды жөндеу, конструкцияларын күшейту немесе қайта жаңарту бойынша қажетті шаралар айқындалады", — деді Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев.

Ол техникалық қорытынды негізінде жұмыстардың кезектілігі көпірлердің апаттық жағдайына, көлік қозғалысының қарқындылығына және әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына қарай белгіленетінін атап өтті.

«Көпір құрылыстарын салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жол жобалары аясында да жүзеге асырылады. Тиісті шығындар мұндай жобалардың жалпы құнына енгізіледі. Бұл апатты көпірлерді жөндеуге тікелей бағытталған қаражаттың жиынтық көлемін анықтауды қиындатады», — дейді ол. 

Премьер-министрдің орынбасары алдағы жұмыстарды жоспарлау үшін жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жөндеуді және қайта жаңартуды қажет ететін көпір құрылыстарының жиынтық тізімі жасалатынын айтты. Онда нысандардың орналасқан жері, техникалық жағдайы және қажетті жұмыстар көрсетіледі.

Осы тізім негізінде іріктеу өлшемдері мен бюджет заңнамасының талаптарын ескере отырып, 2027-2029 жылдарға арналған бірінші кезектегі жобаларды қор қаражаты есебінен қаржыландыру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Бұдан бөлек, 2026-2029 жылдары жүзеге асырылатын Ақтөбе — Қызылорда, Бейнеу — Сексеуіл, Жаңаөзен — Темірбаба, Қарағанды — Жезқазған — Қызылорда және Орталық — Батыс бағыттарындағы автомобиль жолдарын дамыту жобалары аясында да көпір құрылыстарын салу және жөндеу жұмыстары қарастырылған. 

Аталған шаралар апатты көпір құрылыстарын кезең-кезеңімен қалпына келтіруге, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін депутаттар Қазақстандағы 142 апатты көпірдің 141-і жергілікті жол желісінде орналасқанын, ал 420 көпір техникалық жағдайға сай емес екенін айтқан болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.