KZ
RU KZ

Қазақстанда тұрғын үй саудасы азайды

Қазақстанда 2026 жылдың қазан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 864 мәміле тіркелген.

Тұрғын үй
Тұрғын үй Фото: Ашық дереккөзден

Бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 10%-ға аз. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жылжымайтын мүлік нарығындағы мәмілелер саны 22,8%-ға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінен белгілі болды.

Қазан айында баспана сатып алу-сату бойынша ең көп мәміле Алматы қаласында тіркелген. Мұнда 6 065 келісім жасалған. Бұл жалпы көрсеткіштің 19%-ы. Екінші орында Астана қаласы тұр. Елордада 5 223 мәміле тіркеліп, жалпы көлемнің 16,4%-ына жеткен. Ал Қарағанды облысында 2 482 келісім жасалған. Бұл — жалпы көрсеткіштің 7,8%-ы.

Ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда бір айда небәрі 228 тұрғын үй сатып алу-сату келісімі рәсімделген.

Қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында Қызылорда облысында тұрғын үй мәмілелері 38,7%-ға, Қостанай облысында 13,5%-ға, Атырау облысында 2,9%-ға артқан. Керісінше, Батыс Қазақстан облысында көрсеткіш 21,2%-ға, Ұлытау облысында 18,6%-ға, Алматы қаласында 16,3%-ға төмендеген.

Көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерді сатып алу-сату көлемі бір айда 11,3%-ға қысқарған. Нақтырақ айтқанда, қыркүйекпен салыстырғанда 3 052 мәмілеге азайып, қазан айында 24 044 келісім жасалған. Бұл барлық мәміленің 75,5%-ы.

Пәтер саудасының басым бөлігі Алматы, Астана және Қарағанды облысына тиесілі. Алматыда барлық пәтер сату мәмілесінің 23,1%-ы, Астанада 21,3%-ы, Қарағанды облысында 8,6%-ы тіркелген. Ал сатып алушылар арасында екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болған. Қазан айында мұндай баспаналар бойынша 9 423 мәміле рәсімделген.

Жеке тұрғын үйлер нарығында да белсенділік төмендеген. Бір айда мұндай үйлерді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 5,9%-ға немесе 490 келісімге қысқарып, жалпы саны 7 820 болды.

Сонымен қатар жекеменшік үйлер саудасы Ақтөбе облысында 10,6%-ға, Алматы облысында 10,4%-ға, Қызылорда облысында 6,1%-ға өскен. Ал ең үлкен төмендеу Астана қаласында байқалған. Мұнда мәмілелер саны 30,6%-ға азайған. Ұлытау облысында 28,6%, Маңғыстау облысында 24,4% төмендеген.

Жылдық көрсеткіш те жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің бәсеңдегенін көрсетеді. 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда 41 259 тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесі тіркелсе, 2026 жылдың қазанында бұл көрсеткіш 31 864-ке дейін төмендеген. Осылайша, бір жылда мәміле саны 22,8%-ға қысқарған.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Қызылорда облысында тіркелген. Мұнда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мәмілелер саны 52,6%-ға артқан. Ал ең үлкен төмендеу Астана қаласында байқалып, көрсеткіш 41,6%-ға азайған.

Жалпы, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеген.

Айта кетейік, 2026 жылғы 30 қазанда Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы бекітілді. Құжатта тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрттері сияқты табиғи апаттардан сақтандыруға ерекше назар аударылған. Тұрғын үйді міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Алдымен үш облыста пилоттық жоба іске қосылып, кейін табиғи апат қаупі жоғары 16 өңірді қамту көзделген.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.