KZ
RU KZ

Жасанды интеллект жұмыс табуға көмектеседі

Қазақстандықтарға жұмыс іздеуге көмектесетін жаңа цифрлық қызмет іске қосылады

Жұмыссыздық
Жұмыссыздық Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа тетігі — «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» енгізіліп жатыр.

Жаңа жүйе жұмыссыз азаматтарды мансап орталықтарына өздері өтініш бермей-ақ анықтап, оларды жұмысқа орналасуда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жүйе мемлекеттік ақпараттық базалардағы мәліметтерді талдау арқылы жұмыс іздеуі мүмкін азаматтарды анықтайды. Одан кейін оларға Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы көмек ұсынылады.

Азаматтың келісімімен бағдарлама оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы ақпарат негізінде түйіндемені автоматты түрде әзірлейді. Ал жасанды интеллект үміткердің біліктілігі мен мүмкіндіктеріне сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп, жеке ұсыныс дайындайды.

Сонымен қатар жүйеде жасанды интеллект негізіндегі көмекші қарастырылған. Оны ұялы телефон арқылы пайдалануға болады. Қызмет диалог форматында жұмыс істейді: азамат өзіне қандай жұмыс қажет екенін айтып, жалақысы, жұмыс кестесі және басқа да талаптар бойынша нақтылай алады. Осылайша, жұмыс іздеушіге лайықты бос орындарды табу үдерісі жеңілдейді.

«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жоба ретінде биыл шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында жүйе 59,2 мың адамды қамтыған. Олардың 7,5 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Еңбек министрлігі жаңа қызметті жыл соңына дейін Қазақстанның барлық өңірінде іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жұмыссыз азаматтарды дер кезінде анықтап, олардың еңбек нарығына қайта оралуына мүмкіндік беруді көздейді.

Біз бұған дейін Қазақстанда 445 мыңнан астам адам жұмыссыз жүргенін  жазған едік. 2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға жетті.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.