19 қарашада Қытайда өтетін саммитте Си Цзиньпин, Трамп және Путин кездеседі
Қытай Сыртқы істер министрлігі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путиннің 19 қарашада Шэньчжэнь қаласында кездесетінін растады.
Үшжақты кездесу Трамптың ресми жұмыс кестесіне де енгізілген.
Кездесу Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТМЭЫ) саммиті аясында өтеді. Бұл — тарихта алғаш рет ұйымдастырылатын осындай форматтағы кездесу.
Қытай Сыртқы істер министрлігі үш ел басшысының қандай мәселелерді талқылайтынын әзірге нақтылаған жоқ.
Financial Times басылымына сұхбат берген америкалық шенеуніктің айтуынша, Дональд Трамп ядролық қаруды бақылау және оның таралуына жол бермеу мәселесін көтермек. Алайда АҚШ президенті әлемдегі ядролық арсеналы ең ірі үш державаның арасында диалог бастауды көздейді және бұл кездесуде нақты келісімге қол жеткізуді күтіп отыоған жоқ.
«Бұл — Қытай үшін күрделі тақырып. Дегенмен Қытайдың келіссөз үстеліне отыратын уақыты келді деп есептейміз», — деді америкалық шенеунік.
Бұған дейін Дональд Трамп үш ядролық держава басшылары кездесуіндегі басты тақырып ядролық қарусыздану болатынын айтқан еді.
Ал Цинхуа университетінің профессоры Да Вэй Financial Times басылымына берген пікірінде Си Цзиньпин Украинадағы соғыс немесе қару-жарақты бақылау мәселелері бойынша терең келіссөз жүргізе қоймайтынын айтты. Оның пікірінше, Қытай басшысы жаһандық тұрақтылық мәселелерін талқылауға басымдық беруі мүмкін.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Украинадағы соғыс үшжақты кездесудің негізгі тақырыбы болмауы мүмкін екенін жазған болатын. Ал Киев болса, өз мәселесін Украинаның қатысуынсыз талқылауға болмайтынын ескерткен еді.


