Чехияда жүздеген мың адам баспасөз еркіндігін қорғап, шеруге шықты
Чехия астанасы Прагада бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігін қорғауға бағытталған ауқымды наразылық шеруі өтті
Жүздеген мың адам үкіметтің қоғамдық медианы қаржыландыру жүйесін өзгерту жоспарына қарсы шықты.
Ұйымдастырушылар мәліметінше,15 қарашада Прагада өткен жаппай наразылық акциясына 350–400 мың адам қатысқан. Шерушілердің басым бөлігі ел астанасына Чехияның өзге өңірлерінен арнайы келген.
Наразылыққа 24 қазанда Чехия парламенті бірінші оқылымда мақұлдаған бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру туралы заң жобасы себеп болды.
Құжатта елдегі негізгі қоғамдық бұқаралық ақпарат құралдары — Чех телевидениесі мен Чех радиосын қазіргі қаржыландыру жүйесінен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға көшіру көзделген.
Қазір Чехиядағы әрбір үй шаруашылығы қоғамдық телерадио хабарларын таратуды қолдау үшін ай сайын 205 крон (шамамен 9,5 доллар) көлемінде міндетті төлем жасайды. Заң жобасының авторлары осы төлемді алып тастап, қоғамдық медианы тікелей мемлекет қаржыландыратын жүйеге көшуді ұсынып отыр.
Алайда бастамаға қарсы шыққандар мұндай өзгеріс биліктің бұқаралық ақпарат құралдарына ықпалын күшейтіп, журналистердің редакциялық тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.
Ұйымдастырушылардың бағалауынша, бұл — Чехия 1993 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде құрылғаннан бергі ең ауқымды наразылық акциясы.
Бұған дейін, 3 қарашада Чех радиосы мен Чех телевидениесінің қызметкерлері де қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге қарсылық білдіріп, ереуілге шыққан. Соның салдарынан хабар тарату жұмысында уақытша іркілістер болған. Соған қарамастан, қоғамның бір бөлігі журналистердің ұстанымын қолдаған.

