KZ
RU KZ

Әбу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ қатысқан келіссөз өтті

Әбу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина делегацияларының қатысуымен өткен үшжақты келіссөз тәмам. Келіссіөз 10 қарашада басталып, 11 қарашада аяқталды.

Украина, АҚШ, Ресей тулары
Украина, АҚШ, Ресей тулары Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Келіссөз АҚШ-тың араағайындығымен өтті. Алғашқы күні Украина мен АҚШ өкілдері Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, НАТО және Еуропалық комиссия делегацияларымен жеке кездесу өткізді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердің алғашқы күнін қорытындылай келе, кездесуді «өте нәтижелі» деп бағалады. Сонымен қатар келісімге қол жеткізу үшін тараптардың әлі де ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін атап өтті.

Украина президенті Владимир Зеленский де келіссөздерді «сындарлы әрі мазмұнды» деп сипаттады.

«Біз гуманитарлық шаралардың қажеттілігі мен ықтимал тетіктерді талқыладық. Тұтқындарды босату — басты басымдық. Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің мазмұны мен олардың ұзақ мерзімді жұмыс істеу негіздері туралы егжей-тегжейлі сөйлестік. Соғыстың қайталануына жол бермеу үшін нақты қадам қажет», — деді Зеленский.

Ресей жағы әзірге кездесу нәтижесіне қатысты баға беруден бас тартты. Ресей делегациясының мүшесі, Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Әбу-Дабиде өтіп жатқан келіссөздердің нәтижесін бағалауға әлі ерте екенін мәлімдеді.

Келіссөздерге НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы, америкалық генерал Алексус Гринкевич те қатысты. Ол Әбу-Дабидегі кездесулер бұған дейін қол жеткізілген ілгерілеуді жалғастырып, берік бейбітшіліктің негізін қалауға мүмкіндік береді деген үміт білдірді.

Америкалық делегация құрамында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен америкалық көшбасшының күйеу баласы Джаред Кушнер болды.

Бұған дейін Рүстем Умеров Киев үшін негізгі басымдықтар әскери қимылдарды тоқтату, соғыстан кейінгі сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету, Украинаның экономикасын қалпына келтіру мен дамыту, сондай-ақ гуманитарлық мәселелер екенін мәлімдеген болатын.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Киевтің басым бағыттары ретінде қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету, энергетикалық инфрақұрылымға жасалатын соққыны тоқтату, Қара теңіздегі кеме қатынасын бұғаттаудан шығару, тұтқын алмасу ауқымын кеңейту және үш ел басшыларының кездесуін ұйымдастыру мәселелерін атаған еді.

Бұл келіссөздер ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы үшжақты кездесу болды.

Енді Америка өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 12 қарашада Владимир Путинмен Мәскеуде кездесіп, содан кейін Зеленскиймен кездесуге Дублинге баруды жоспарлап отыр. Олар келіссөздердің нәтижелері мен алдағы қадамды талқылайды.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.