KZ
RU KZ

Жоғары аудиторлық палата тексерісінен кейін үш ғылыми ұйымның басшысы қызметінен кетті

Еліміздегі ғылым саласын қаржыландыру бойынша Жоғары аудиторлық палата 51 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылықтарын анықтады.

Жоғарғы аудиторлық палата
Жоғарғы аудиторлық палата Фото: ЖАП

Оның 37,7 миллиард теңгесі аудит барысында қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлімдеді.

«Үш жыл ішінде 51 миллиард теңгенің заңбұзушылығы болған. Аудит барысында оның 37,7 миллиард теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтаруды күтіп отырмыз. Ол үшін тиісті нысандар бойынша берілген нұсқамалардың орындалуын қамтамасыз ету қажет», — деді Нұржанов.

Оның айтуынша, аудит қорытындысы бойынша төрт адам қызметінен босатылған. Екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 18 адамға да әкімшілік жаза қолданылған. Сонымен қатар процестік шешім қабылдау үшін үш материал құқық қорғау органдарына жолданған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызметінен босатылғандардың қатарында Ғылым институтының төрағасы, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы және Ғылым қорының жетекшісі бар екенін нақтылады. Бұдан бөлек, ғылыми процестерді ұйымдастыруға жауапты өзге де лауазымды тұлғалар қызметтен кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде 51 миллиард теңгеге қаржылық заңбұзушылықты, сондай-ақ 47 миллиард теңге көлемінде қаражатты жоспарлау мен пайдаланудағы тиімсіздікті анықтағаны хабарланған болатын.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.