Қазақстан мұнайын экспорттайтын тағы бір Ресей портына дрондар шабуыл жасады
Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга портына дрондар шабуыл жасап, өрт шықты. Ресей билігінің мәліметінше, оқиғадан үш жұмысшы зардап шеккен.
Бұл порт арқылы Қазақстан мұнайы да шетелге экспортталады.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко дрон шабуылы туралы Telegram-арнасында хабарлады. Алдымен ол тұрғындарға ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасау қаупі бар екенін ескертіп, мобильді интернет жылдамдығы төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Түн ішінде губернатор әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері атып түсірген дрондар саны туралы бірнеше рет ақпарат жариялады.
Дрозденконың айтуынша, дабыл режимі тоқтатылғаннан кейін әскери күштер бір түнде 150 дронды жойған. Оның алдын ала мәліметі бойынша, шабуылдың нысанасы Кингисепп ауданындағы Усть-Луга порт аймағы болған.
«Бірнеше дронның соққысынан өрт шықты. Үш жұмысшы зардап шекті, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — деп жазды губернатор.
Оның айтуынша, Усть-Лугада трансформатор қосалқы станциясы апатты жағдайда ажыратылған. Өрт сөндірушілер жалынды сөндіруге кіріскен. Алайда губернатор хабарламаларында порттағы нақты қай нысанның өртенгенін көрсетпеген.
Усть-Луга портының Қазақстанға қандай қатысы бар?
Қазақстан мұнай экспорты үшін Балтық теңізіндегі осы портты пайдаланады. Атырау — Самара мұнай құбыры арқылы шикізат Ресейдің «Транснефть» жүйесіне жеткізіліп, одан әрі Усть-Луга портына тасымалданады. Мұнда мұнай танкерлерге тиеліп, шетелдік сатып алушыларға жөнелтіледі.
«ҚазТрансОйл» компаниясының есебіне сәйкес, Усть-Луга бағытымен 2022 жылы шамамен 4,46 миллион тонна, 2023 жылы 4,21 миллион тонна, ал 2024 жылы 3,17 миллион тонна қазақстандық мұнай тасымалданған.
Қазақстан бұл портты басқа экспорттық бағыттарға балама ретінде де пайдаланады. 2026 жылдың сәуірінде Энергетика министрлігі Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы жеткізілуі тиіс болған 260 мың тонна мұнайды басқа бағыттарға бұру жоспарын жариялаған. Оның 100 мың тоннасын Усть-Луга арқылы, қалған 160 мың тоннасын Каспий құбыр консорциумы жүйесімен тасымалдау көзделген.
Жаңа шабуылдың Қазақстан мұнайын жөнелту жоспарына әсер еткені әзірге белгісіз. Редакция бұл мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін Энергетика министрлігіне сауал жолдады.

