Тоқаев «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы съезінде не айтты?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының X съезінде сөз сөйледі.
Өз сөзінде мемлекет басшысы ана тілінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ 1989 жылы белгілі ғалымдар, академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша рөл атқарғанын айтты.
Президенттің пікірінше, қазақ тілі — ел тәуелсіздігінің мызғымас нышаны, мемлекеттік тіл және ұлттың мәңгілік жаны. Сондықтан оның беделі мен қолданыс аясын арттыру — баршаға ортақ міндет. Ол қазақ тілінің болашағына қатысты күмәнді пікірлерді доғарып, тілді дамытуға бағытталған нақты жұмыстарды жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Тоқаевтың айтуынша, бүгінде балабақшалар мен мектептердегі балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алады. Биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылданған. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да қазақ тілінде білім беретін бөлімдердің саны артып келеді.
Мемлекет басшысы былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылғанын, ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і мемлекеттік тілде шыққанын айтты. Оның пікірінше, бұл деректер халықтың қазақ тіліне деген сұранысы жоғары екенін көрсетеді.
Президент қазақ тілінің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласына белсенді енгізіліп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, OpenAI компаниясының зерттеуіне сәйкес, соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданылу аясы жылдам кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына қазақ тілі енген. Ал Yandex компаниясы өткен жылдан бері өз өнімдерінің бірін қазақ тілінде пайдаланушылар саны 30 пайызға артқанын хабарлаған. Сонымен қатар былтыр Google компаниясы Gemini тілдік моделіне қазақ тілін қосқан.
Осыған байланысты Тоқаев қазақ тілінің ұлттық цифрлық дерекқорын қалыптастыруды тапсырды. Ол үшін қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио және бейнежазбаларды, архивтер мен музей қорларын цифрлық форматқа көшіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану ғылымдары мен ақпараттық технологиялар сияқты салаларды қазақ тілінде оқуға мүмкіндік беретін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу міндетін атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің емлесін біріздендіру жұмыстарын келер жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, орфография мен жазу ережелерін қайта қарап, жүйелеу, қолданыстағы сөздіктерді жаңарту қажет. Әсіресе бірқатар сөздер мен терминдердің әртүрлі қолданылуы тілдің тазалығына кері әсер етіп, адамдарды шатастырады. Сондықтан қазақ тілін қолданудың бірыңғай жүйесі мен ортақ қағидаларын қалыптастыру маңызды.
Тоқаев кейбір жасанды түрде жасалған сөздердің қолданысқа енгізілуіне де күмән келтірді. Атап айтқанда, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «қырыққабат», «үнқағаз», «жеделсаты», «желкөз» сияқты атаулардың қаншалықты орынды екенін кәсіби тіл мамандары ғылыми тұрғыдан бағалауы керек екенін айтты. Сондай-ақ араб тілінен енген сөздермен бұрыннан қалыптасқан көне діни атауларды алмастыру қажеттілігі де талқылануға тиіс екенін жеткізді.
Президент қазақ тілін БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын сапалы екі және көптілді сөздіктер әзірлеуді ұсынды. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-кәріс және қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажеттігін айтты. Сонымен қатар қазақ-орыс сөздігін де заман талабына сай жаңарту керегін атап өтті. Барлық сөздіктің электронды нұсқасын әзірлеп, оны үнемі толықтырып отыру маңызды.
Мемлекет басшысы цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды мазмұнды көбейтуді де маңызды міндеттердің бірі деп атады. Оның сөзінше, қазақ тілін өз бетінше үйренуге мүмкіндік беретін ақпараттық технология өнімдерін, балалардың сөйлеу дағдысын дамытуға арналған фильмдер мен ойындарды көбейту қажет. Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт сияқты өзекті бағыттар бойынша қазақ тіліндегі сапалы өнімдер әзірлеуге мемлекет нақты қолдау көрсетуі керек.
Тоқаев «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының қызметін халық мүддесін қорғауға бағытталған жұмыс деп бағалады. Ұйым жанынан үш жыл бұрын құрылған Qazaq Tili Endowment Qory қорын да атап өтіп, кәсіпкерлерді қоғамға қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.
Сондай-ақ президент «Дала орманы» жобасын кеңейтуді қолдады. Оның айтуынша, қоғам серіктестерімен бірлесіп, бір жыл ішінде 400 гектар аумаққа 5 миллион ағаш отырғызған. Нәтижесінде еліміздің үш облысында төрт ірі орман тәлімбағы құрылған. Енді әр ауылдың маңынан 25 гектар, аудан орталықтарының жанынан 50 гектар, ірі қалалардың айналасынан 100 гектар аумақта көшет өсіретін тәлімбақтар ашу жоспарланып отыр.
Тоқаев Үкімет пен әкімдіктерге осы бастамаға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны іске асыру арқылы Қазақстандағы орман алқаптарының көлемін 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Президент мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау азаматтық міндет екенін де еске салды. Сонымен бірге қазақ тілін дамыту басқа тілдердің өркендеуіне кедергі болмауы керек екенін баса айтты. Оның пікірінше, тіл мәселесін қоғамда араздық пен жанжал тудыру үшін пайдалануға жол беруге болмайды. Қазақ тілі ел бірлігі мен келісімінің тіліне айналуы тиіс.
Съезде Тоқаев «Халық құрылысы» бағдарламасына да тоқталды. Ол 2027 жылды ауқымды жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялау туралы бастама көтерілгенін айтып, елдің барлық өңірінде балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт нысандары, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар мен әуежайлар салынатынын жеткізді. Жоба аясында мыңдаған жұмыс орны ашылып, отандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер беріледі.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, алдағы үш жылда «Халық құрылысы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын, оның жымқырылуына жол бермеуді арнайы комиссия қадағалайды.
Сөз соңында президент «Заң мен тәртіп» қағидатын ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам мүшелерін және қазақ тілін қолдайтын барлық азаматты мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын кеңейтуге белсенді атсалысуға шақырды.


