Тұзды өңірдегі халықтың жағдайы ауыр: Белсенділер тәуелсіз тексеру жүргізуді талап етті
Қызылорда облысының Арал ауданындағы «Аралтұз» комбинатының жұмысына қатысты бірқатар мәселе көтеріліп отыр. ZTB редакциясы компания қызметкерлерімен сұхбаттасып мән-жайды анықтады
Белсенділердің айтуынша, кәсіпорын миллиардтаған теңге табыс тапқанымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсармаған. Бұған қоса, тұз өндіру тәсілі, экологиялық талаптардың сақталуы және кәсіпорынның табысы мен салық түсімдерінің басқа өңірлерге кетуі қоғам наразылығын туғызған.
Бұл туралы Арал қаласының тумасы, Ақтөбе қаласының тұрғыны, «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚҚ төрағасы Жомарт Қартбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұз комбинатының тарихы жүз жылдан асады. Ол Жылқышы кентінде дүниеге келіп, сонда өсіп, жұмыс істеген. Әкесі де комбинатта еңбек етіп, кәсіподақ және партия ұйымдарында қызмет атқарған, цех бастығы әрі басшылық лауазымдарда болған.
«Бұрын комбинат тікелей Мәскеуге, КСРО-ның Тамақ өнеркәсібі министрлігіне бағынатын. Ол кезде орталықтандырылған жылу жүйесі, су және жұмысшыларға арналған барлық жағдай болды. Кәсіпорында бір жарым мыңға жуық адам еңбек етті. Жалақысы да жақсы еді. Басқа жердегі адамдар біздің табысымызға қызығатын», — дейді Жомарт Қартбаев.
Белсендінің сөзінше, 1996 жылы кәсіпорын жекешелендірілгеннен кейін жағдай өзгерген. Оның айтуынша, сол кезде құны шамамен 420–миллион тұратын комбинат 37 миллион теңгеге сатылған. Кейін кәсіпорынның тепловоздары мен өзге де техникалары сатыла бастаған.
Қартбаевтың пікірінше, қазір комбинаттың негізгі мәселелерінің бірі — өндірістің толық циклмен жұмыс істемеуі. Оның айтуынша, кәсіпорында өндірілетін тұздың шамамен 50–70 пайызы техникалық тұз ретінде жөнелтіледі. Ал оны өңдеу және дайын өнімге айналдыру басқа қалаларда жүзеге асырылады.
«Комбинатты негізінен шикізат базасы ретінде пайдаланып отыр. Тұзды өңдеу, қайта өңдеу басқа қалаларда жүргізіледі. Салық та сол өңірлерге түседі. Егер тұз осы жерде өңделіп, қапталған ас тұзы ретінде шығарылса, жұмысшылардың жалақысы да жоғары болар еді. Салық түсімдері де Арал ауданының бюджетіне түсер еді», — дейді ол.
Осындай табиғи байлыққа ие өңірде жалақы деңгейі әлі де төмен, ал халықтың материалдық жағдайы басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда ауыр.
«Біздің өңірдегі жалақы республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр. Халықтың материалдық жағдайы ауыр. Бұл байлық Арал ауданының 80 мыңға жуық тұрғынының әл-ауқатын жақсартуға қауқарлы. Алайда Таутрұрмашев осы байлық туралы ақпаратты жасырып, оны мемлекеттік құпия деп жариялап отыр», — дейді ауыл тұрғыны.
Ол тұз өндіру тәсіліне де наразылық білдірді. Белсендінің айтуынша, соңғы екі жылда тұз экскаваторлармен қазылып, табиғи қабаттары бұзылып жатыр. Оның сөзінше, 30 жыл бойы қалыптасқан тұз қабаттарын осындай әдіспен өндіру табиғи қордың қалпына келуіне кері әсер етеді.
«30 жыл бойы қалыптасқан тұз қабатын қазір экскаваторлармен қазып, табиғи қабаттарын түп-тамырымен бұзып жатыр. Мұндай тәсілмен өндірілген жердегі тұз алдағы 30 жылда қайта қалпына келмейді. Екі жылдан бері тұзды экскаватормен қазып, табиғи қорды жойып жатыр. Ал халыққа шындыққа жанаспайтын ақпарат берілуде», — дейді ол.
Белсенді тиісті мемлекеттік органдардың тексеру жүргізуін талап етеді. Оның айтуынша, экологтар келгенімен, олардың қорытындылары мен ұсыныстары ескерілмейді, ал тексеру нәтижелері қоғамға ашық жарияланбайды.
«Неліктен тиісті комиссия келіп, тексеру жүргізбейді? Тіпті экологтар келген күннің өзінде, олардың пікірі ескерілмейді, тексеру нәтижелері де халыққа тиісті деңгейде жарияланбайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы жерге тәуелсіз комиссия жіберіп, жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізуді сұраймыз», — дейді ол.
Жомарт Қартбаевтың айтуынша, комбинаттағы экологиялық мәселелерді бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Бұл мәселе бойынша Экология министрлігіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және президентке хат жолданған. Алайда әзірге нақты нәтиже болмаған.
Оның сөзінше, жақында Экология министрлігінің, Қызылорда облыстық экология департаментінің, Арал ауданы әкімдігі өкілдері мен «Аралтұз» комбинаты басшылығының қатысуымен Арал қаласында кездесу өткен. Алайда белсенді кәсіпорын өкілдері кездесуде өздерін өктем ұстап, қойылған сауалдарға тиісті жауап бермегенін айтады.
Қартбаевтың мәліметінше, экология департаменті кәсіпорынға экологиялық талаптарды орындауға қатысты нақты міндеттер жүктеген. Оның айтуынша, комбинатқа үш жылдық мерзімге экологиялық рұқсат беріліп, белгіленген талаптарды орындау тапсырылған. Егер кәсіпорын бұл талаптарды орындамаса, өндірісті тоқтату мәселесі көтерілуі мүмкін.
Белсенді комбинатты мемлекет меншігіне қайтаруды талап етеді. Егер бұл мүмкін болмаса, қазіргі акционердің орнына басқа инвестор тарту қажет деп санайды.
«Біз комбинатты мемлекет пен халықтың меншігіне қайтаруды талап етеміз. Егер бұл мүмкін болмаса, басқа акционер тарту мәселесін қарастыру қажет. Біз Дәурен Мұқашевтың акционер болғанына қарсымыз. Егер басқа инвестор келсе, жергілікті халық оны қолдайды. Бұл — 80 мыңға жуық тұрғыны бар Арал ауданы үшін орасан зор байлық. Мұнда тұтас бір алтын таудай тұз қоры жатыр», — дейді Жомарт Қартбаев.
Белсенді жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық пен табыс тапшылығына байланысты өз пікірін ашық айтуға қорқатынын да жеткізді. Оның сөзінше, жастардың көбі Қазақстанның басқа өңірлеріне вахталық әдіспен жұмыс істеуге кетуге мәжбүр.
Бұдан бөлек, «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Жомарт Қартбаев Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне шағым түсірген.
Оның айтуынша, «Аралтұз» кәсіпорны тұз жуу кезінде пайда болатын өндірістік қалдық суларды арнайы жүйелер арқылы өңдемей, ауыл аумағына қарай ағызады. Соның салдарынан елді мекен ішінде жасанды сор көл пайда болған.
Қартбаев мұның тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізуді, қалдық сулардың ағызылуына құқықтық баға беруді және заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қабылдауды сұраған. Сондай-ақ ол шағымға қатысты бейнематериалдар бар екенін мәлімдеген.
Жомарт Қартбаевтың бізге ұсынған құжаттардың бірінде жасанды көлшіктерге байланысты Экология дпартаменті тарапынан айыппұл салынғандығы көзімізге түсті.
«Аралтұз» АҚ-на экологиялық заңбұзушылық үшін 1,7 млн теңге айыппұл салынды
Қызылорда облысындағы «Аралтұз» АҚ-на қатысты экологиялық тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы облыстық экология департаменті хабарлаған.
Тексеруге тұрғынның кәсіпорыннан аққан өндірістік сулар ауыл аумағында жасанды сор көлдерін қалыптастырғаны туралы шағымы негіз болған.
2026 жылғы 25 мамырдағы тексеру кезінде тұз үйіндісінен еріген судың жер бедеріне ретсіз ағатыны, сондай-ақ сарқынды, нөсер және дренаж суларын жинау мен тазарту жүйесінің жоқтығы анықталған.
Осыған байланысты кәсіпорынға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 331-бабы бойынша 800 АЕК, яғни 3 млн 460 мың теңге айыппұл салынған. Алайда қысқартылған тәртіппен оның жартысы — 1 млн 730 мың теңге өндірілген.
Сонымен қатар кәсіпорынға ағынды сулардың алдын алу үшін арнайы құрылғылар орнатып, тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылған. Нұсқаманы орындау мерзімі 2026 жылғы шілдеге белгіленген.
Департамент ұсынған анықтамада кәсіпорынның нұсқаманы орындағаны және экологиялық мәселенің толық шешілгені туралы мәлімет жоқ.
Қартбаев кәсіпорынның жұмысына қатысты барлық құжатты редакцияға ұсынуға дайын екенін айтты.
Редакция: Тілшіміз «Аралтұз» комбинатына сауал жолдады. Телефон арқылы хабарласып, жауап алу мүмкін болмады. Ресми жауап келген жағдайда екінші тараптың да дәйекті дәлелдері мен айтар уәждерін міндетті түрде жариялауға дайынбыз.


