«Ұят болды!»: Алматыда көрермендер арасындағы жанжалға байланысты Меладзе концертін тоқтатты
Алматыда Валерий Меладзенің концертіне келген бірнеше әйелдің әрекетінен шоу аяқталмай қала жаздады.
Концерттің соңына қарай сахна алдындағы фан-аймақта көрермен әйелдер арасында жанжал шыққан. Олар бір-бірін итеріп, балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсеткен. Осыған байланысты Меладзе концертін тоқтатып, жанжалға қатысушыларға ескерту жасауға мәжбүр болды.
Кейін оқиғаға күзет қызметкерлері араласып, әйелдерді залдан шығарып жіберді. Осыдан соң әнші концертін жалғастырды. Алайда ол болған жағдайға қайта оралып, концерт соңында өкінішпен:
— Ұят болды! — деді.
Мәдени іс-шара кезінде мұндай жағдайдың болуы шынымен жағымсыз әсер қалдырады. Оның үстіне, мұндай оқиғалар алғаш рет болып отырған жоқ.
Мәселен, былтыр Астанада Дженнифер Лопестің концерті кезінде күзет қызметкерлері мас көрермен әйелді залдан көтеріп алып шығуға мәжбүр болды. Кейін оның Павлодар облысы полиция департаменті бастығы орынбасарының әйелі екені анықталды. Алайда әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ.
Осындай кезекті оқиғадан кейін заңды сұрақ туындайды: тәртіп бұзғандарды залдан шығару жеткілікті ме, әлде мұндай әрекеттері үшін олар жауапқа тартылуы керек пе?


