KZ
RU KZ

2027 жылғы шілдеден бастап Қазақстанға келетін шетелдіктерге электронды рұқсат қажет

2027 жылғы 1 шілдеден бастап шетел азаматтарына Қазақстанға кіру қиындай түсуі мүмкін.

Виза
Виза Фото: Pexels

Тіпті визасыз режим қолданылатын елдердің азаматтары да елге келмес бұрын электронды рұқсат алуға міндеттеледі. Жаңа талаптар тиісті Үкімет қаулысында бекітілген. Құжат шетелдіктердің Қазақстанға кіру және елде болу ережелеріне өзгерістер енгізеді.

ZTB басылымы жаңа талаптарды зерделеп, электронды рұқсат кімдерге қажет болатынын, оны рәсімдеу қанша тұратынын және қандай жағдайда шетелдіктердің Қазақстанға кіруіне тыйым салынуы мүмкін екенін түсіндірді.

Визасыз режим сақталады, бірақ электронды рұқсат қажет

Негізгі өзгеріс қазіргі уақытта Қазақстанға визасыз келе алатын шетел азаматтарына қатысты. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап олар елге кіру үшін қосымша электронды рұқсат алуы керек.

Жаңа талап Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің — Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения азаматтарына да қатысты. Сонымен қатар АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері және Қазақстанмен визасыз режим орнатқан басқа мемлекеттердің азаматтары да электронды рұқсат рәсімдеуге міндеттеледі.

Бұл ретте визасыз режим жойылмайды. Алайда көптеген шетелдік саяхатшылар үшін енді паспортын құшақтап шауып келу жеткіліксіз.

Егер электронды рұқсат болмаса, шетел азаматына Қазақстанға кіруден бас тартылуы мүмкін.

Жаңа талаптар қашан енгізіледі?

Жаңа тәртіп кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы тексерулер 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Ақтау әуежайында және төрт автомобиль өткізу бекетінде енгізіледі. Бұл «Үрлітөбе», «Ауқатты», «Атамекен» және «Нұрлы жол» бекеттері.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйе Алматы мен Астана қалаларының халықаралық әуежайларында қолданыла бастайды. Ал 1 наурыздан бастап барлық қалған өткізу бекеттеріне таратылады.

2027 жылғы 1 шілдеге дейін электронды рұқсаты жоқ шетел азаматтарын Қазақстанға кіргізе береді. Алайда оларға жаңа құжатты рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі. Ал осы күннен бастап электронды рұқсаттың болуы міндетті талапқа айналады.

Рұқсат тегін беріледі, бірақ алдын ала рәсімдеу қажет

Электронды рұқсатты арнайы цифрлық платформа арқылы алуға болады. Өтініш жоспарланған сапардан кемінде 72 сағат бұрын берілуі тиіс.

Құжат рәсімдеу кезінде шетел азаматы электронды сәйкестендіруден немесе аутентификациядан өтуі қажет. Өтінішті ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы ішкі істер органдары қарайды.

Бір жақсысы электронды рұқсат алу тегін болады. Үкімет қаулысында оның құны 0 теңге деп көрсетілген.

Рұқсат 180 күнге жарамды. Алайда бұл шетел азаматы Қазақстанда алты ай бойы үздіксіз жүре алады дегенді білдірмейді.

Визасыз режиммен келетін шетелдіктер үшін бұрынғы шектеулер сақталады. Олардың басым бөлігі Қазақстанда бір сапар барысында 30 күннен артық бола алмайды. Ал 180 күн ішіндегі жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауы тиіс.

ЕАЭО азаматтарына әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін Қазақстанда болуға рұқсат етіледі. Дегенмен халықаралық келісімдерде өзгеше мерзімдер белгіленуі мүмкін.

Мемлекеттік шекарадан өту кезінде электронды рұқсат «Бүркіт» цифрлық жүйесі арқылы тексеріледі. Бірақ рұқсаттың мақұлдануы шетел азаматының елге міндетті түрде кіретінін білдірмейді. Шекара қызметкерлері заңнамада көзделген негіздер бойынша оның Қазақстанға кіруіне тыйым сала алады.

Кімдерге электронды рұқсат қажет емес?

Жаңа талап барлық шетел азаматына бірдей қолданылмайды. Үкімет қаулысында 29 санаттағы азаматтарға ерекшелік қарастырылған.

Мәселен, 16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан адамдар электронды рұқсат алудан босатылады.

Сондай-ақ Қазақстанда жарамды визасы, тұруға ықтиярхаты немесе уақытша тұруға рұқсаты бар шетелдіктерге жаңа құжатты рәсімдеудің қажеті жоқ.

Дипломаттар, ресми делегация мүшелері, халықаралық тасымалдаушылардың жекелеген санаттары мен көлік экипаждары да бұл талаптан босатылады.

Транзитпен өтетін жолаушыларға қатысты да жеке тәртіп белгіленген. Егер жолаушы басқа рейске ауысып, әуежайдың халықаралық транзиттік аймағынан шықпаса, электронды рұқсат алудың қажеті жоқ.

Алайда жаңа талаптан босатылу үшін тиісті растайтын құжаттар болуы керек.

Ережені бұзған жағдайда не болады?

Заңда көзделген негіздер бойынша электронды рұқсат беруден бас тартылуы немесе бұрын берілген рұқсаттың күші жойылуы мүмкін. Бұл ретте «Халықтың көші-қоны туралы» заң талаптары басшылыққа алынады.

Мысалы, шетел азаматын Қазақстаннан шығарып жіберу туралы шешім қабылданса немесе рұқсаттың белгіленген тәртіпті бұза отырып рәсімделгені анықталса, оның күші жойылады.

Рұқсат беруден бас тарту немесе оның күшін жою туралы ақпарат шетел азаматына цифрлық платформа арқылы жіберіледі.

Сонымен қатар жаңа қаулы көші-қон есебіне қатысты талаптарды да сақтайды. Қазақстанға келген шетел азаматын қабылдаушы тарап оның келгені туралы ішкі істер органдарына үш жұмыс күні ішінде хабарлауы тиіс. Бұл талап шетелдіктерді қабылдайтын ұйымдар мен жеке тұлғаларға да қатысты.

Осылайша, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанға келуді жоспарлаған шетел азаматтары сапарға дейін қосымша электронды тексеруден өтуі керек.

Ал қажетті рұқсаттың болмауы мемлекеттік шекарадан өткізуден бас тартуға негіз болады.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.