KZ
RU KZ

Қазақстандық «Китана» лақап атымен танылған әйел элиталық арнайы жасақтың алғашқы жауынгері атанды

Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Қымбат Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлік құрамына қабылданды.

Китана
Китана Фото: ҰҚК

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қымбат бөлімше тарихындағы алғашқы әйел жауынгер атанды.

Қазақстандық әскери қызметші команда құрамында бірінші орын алып, жалпы есепте 18-орынға ие болған. Осылайша, ол бірнеше ерлер командасын басып озды.

Жарыс барысында қыздың мергендік шеберлігі «Бүркіт» арнайы жасағы өкілдерінің назарын аударған. Осыдан кейін оған бөлімше құрамына қосылу ұсынылған.

Қымбат қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанған. Сондай-ақ джиу-джитсудан әлем және Азия чемпионаттарында үш рет жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, самбо, ММА және дзюдодан өткен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Қазір әскери қызметші күрең берет алу үшін сынақтарға дайындалып жатыр. Егер ол сынақтан сүрінбей өтсе, Қазақстан Ұлттық ұланы тарихында осы беретті киюге құқық алған алғашқы әйел болады.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.