Алматы тұрғынынан есірткі салынған 70-ке жуық түйіншек пен өлшеу құралдары табылды
Алматыда есірткі таратты деген күдікпен әйел адам ұсталды.
Тәртіп сақшылары оның жеке басын тінту кезінде және тұрғылықты мекенжайынан есірткіге ұқсас заттар мен оларды өлшеп, қаптауға арналған құралдарды тапты. Бұл туралы ZTB.KZ қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес бөлімі қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті отырған автокөлікті тоқтатқан. Көлік тізгінінде болған әйелді тексеру кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған жеті түйіншек табылған.
Алайда тексеру мұнымен бітпеді. Әйелдің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде тағы 60 түйіншекке салынған ұнтақ тәрізді зат, электронды таразы және есірткіні өлшеп, қаптауға арналған құрылғылар тәркіленді.
Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Мамандар олардың нақты құрамын және жалпы салмағын нақтылайды.
«Аталған дерек бойынша есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тәркіленген заттардың қайдан алынғаны және оларды тарату арналары анықталуда» деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. Тәркіленген заттардың сараптама қорытындысы тергеу барысында ескерілмек.

