KZ
RU KZ
БЖЗҚ

Қазақстандықтар зейнетақы жинағынан 92 млрд теңгені жеке басқарушы компанияларға аударды

Қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатын жеке басқарушы компанияларға белсенді түрде аудара бастады.

Жаңа ереже күшіне енгеннен кейін бір жарым айға жетпейтін уақыт ішінде жеке компаниялар басқаруына 92 млрд теңгеге жуық зейнетақы жинағы өткен.

 Бұған 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтарға міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 100 пайызына дейін жеке басқаруға беру құқығы ұсынылғаны себеп болды.

БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 тамызы аралығында салымшылар жеке басқарушы компанияларға 66,7 млрд теңге көлемінде 73 456 аударым жасаған. Ал жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін, яғни 1 қыркүйек пен 13 қазан аралығында 56 956 аударым тіркеліп, ол 91,93 млрд теңгеге жеткен.

Осылай, небәрі 43 күн ішінде жасалған аударымдардың көлемі жылдың алғашқы сегіз айындағы көрсеткіштен асып түскен

Қор тағы бір дерегінде салымшылар саны бойынша статистика келтірілген. 7 қыркүйек пен 14 қазан аралығында 32 921 адам зейнетақы жинағын жеке басқарушыларға сеніп тапсырған. Олар аударған қаражаттың жалпы көлемі 92,16 млрд теңге болған.

Жеке басқарушы компанияларға қаражатын сеніп тапсырғандардың басым бөлігі — 30-39 жас аралығындағы азаматтар. Олардың үлесіне салымшылардың 38 пайызы және аударылған ақшаның 37,6 пайызы тиесілі. Бұл жастағы азаматтар жеке басқаруға орта есеппен 1,63 млн теңгеден берген.

Бұл көрсеткіштер зейнетақы жинағын басқару тәсілін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін жаңа тетікке қазақстандықтардың қызығушылығы артқанын көрсетеді.

Негізі зейнетақы жинағын жеке компанияларға беру мүмкіндігі Қазақстанда 2021 жылдан бері бар

Алайда бастапқыда азаматтар тек ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын қаражатын ғана жеке басқаруға аудара алатын. Кейін бұл талаптар біртіндеп өзгертілді. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшыларға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған ақшаның 50 пайызына дейін, ал ерікті зейнетақы жарналарын толық көлемде аударуға рұқсат берілді.

Ал 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап жаңа өзгерістер күшіне еніп, азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 100 пайызына дейін жеке басқаруға бере алатын болды. Сонымен қатар енді ақшаны бір ғана компанияға емес, бірнеше басқарушы ұйымға бөліп орналастыруға мүмкіндік бар. Салымшы әр компанияның инвестициялық стратегиясына қарай қаражатын түрлі портфельдерге бөле алады.

БЖЗҚ түсіндіруінше, жеке басқарушы компаниялар салымшыларға инвестициялық портфельдің үш түрін ұсына алады

Олар — консервативті, қалыпты және тәуекелі жоғары портфельдер. Бірінші бағытта қаражатты барынша сақтауға басымдық берілсе, екіншісінде тәуекел мен ықтимал табыстың арақатынасы ескеріледі. Ал үшінші бағытта жоғары кіріс алу мүмкіндігі болғанымен, инвестициялық тәуекел де артады. Сондықтан әр азамат өз қаражатын басқару тәсілін таңдағанда жасын, зейнетке шығу мерзімін және тәуекелге дайындығын ескергені жөн.

Қазіргі уақытта Қазақстанда зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат алған алты жеке компания бар. Олар: Alatau City Invest, BCC Invest, Centras Securities, Halyk Finance, Halyk Global Markets және Tansar Capital. Алайда Halyk Global Markets компаниясы 2027 жылдан бастап БЖЗҚ-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын тоқтататынын хабарлаған. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл компанияға жаңа өтініштер қабылданбайды.

Жеке басқарушыларға берілген қаражаттың көлемі де біртіндеп артып келеді

БЖЗҚ-ның 2026 жылғы 1 қазандағы есебіне сәйкес, Ұлттық банк пен жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың қарамағындағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 28,27 трлн теңге болған. Оның 206,11 млрд теңгесі жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруында тұрған.

Сонымен бірге салымшылар бірқатар маңызды талапты ескеруі қажет. Мәселен, зейнетақы жинағын бір жеке басқарушыдан екіншісіне ауыстыру немесе Ұлттық банктің басқаруына қайтару үшін алғашқы аударым жасалған күннен бастап кемінде бір жыл өтуі тиіс.

Қаражатты жеке басқаруға беру оны тәуекелсіз инвестициялау дегенді білдірмейді. Инвестицияның табыстылығы нарықтағы жағдайға, таңдалған қаржы құралдарына және басқарушы компанияның стратегиясына байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан БЖЗҚ салымшыларға компаниялардың бұрынғы табыстылығымен қатар инвестициялық портфель құрамын, басқару комиссиясын, қаржылық жағдайын және тәуекел деңгейін мұқият зерделеуге кеңес береді.

Дегенмен жаңа өзгерістер қазақстандықтарға зейнетақы жинағын басқаруда таңдау мүмкіндігін кеңейтті. Енді азаматтар қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе оның бір бөлігін не барлығын жеке компанияларға сеніп тапсыруға құқылы. Алайда жоғары табысқа ұмтылу кезінде тәуекелді де ескерген жөн. Өйткені зейнетақы жинағы — азаматтардың болашақтағы қаржылық қауіпсіздігіне арналған қаражат.

 

Материалмен бөлісу
Материал авторы Ләззат Нұрсапақызы Редактор
Барлық материалдар
Келесі лонгрид Тарихи кездесу: Путин, Трамп пен Си Цзиньпин қандай келісімге келді? Қоғам • 5 мин оқу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.