ҰҚК куәлігін қолдан жасаған: Атырауда 800-ден астам жалған қызметтік куәлік тәркіленді
Жедел-іздестіру шаралары барысында 803 жалған құжат пен оларды жасауға арналған жабдықтар тәркіленді.
Атырау облысында полиция мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындап, сатумен айналысқан заңсыз арнаның жолын кесті.
23 қарашада полицейлер Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. Көлікте төрт ер адам болған. Тексеру кезінде сыртқы пішіні тапаншаға ұқсас зат пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің қызметтік куәлігі табылды. Кейін құжаттың жалған екені анықталды.
Осы дерек бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде полиция жалған құжаттарды дайындауға қатысы бар деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады.
«Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Оның ішінде ҰҚК-нің 606, ІІМ-нің 95, мемлекеттік кірістер органдарының 47, прокуратураның 46 және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 куәлігі бар», — деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжаттарды дайындауға пайдаланылған басқа да заттар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған қызметтік куәліктерді сатумен айналысқан. Полиция тоқтатқан көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжаттарды сатып алғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта полиция заңсыз әрекеттің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің ықтимал сыбайластарын және жалған куәліктерді сатып алған адамдарды іздестіріп жатыр.
ІІМ мәліметінше, полицейлердің жедел әрекетінің арқасында қылмыс жасауға пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған қызметтік куәліктің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Тергеу-жедел іс-шаралары жалғасуда.

