KZ
RU KZ

Алматыда «ақылды» көзілдірік көмегімен іздеуде жүрген ер адам мешіттен табылды

Полиция қызметкерлері бет-әлпетті тану функциясы бар «ақылды» көзілдірікті сынақтан өткізіп жатыр

Ақылды көзілдірік
Ақылды көзілдірік Фото: ЖИ

Алматыда полиция қызметкерлері бет-әлпетті тану функциясы бар AR технологиясындағы «ақылды» көзілдірікті сынақтан өткізе бастады. Құрылғы патрульдеу кезінде адамдарды полицияның ведомстволық дерекқорлары арқылы бірден тексеруге мүмкіндік береді. Осы технологияның көмегімен Шымкентте іздеуде жүрген ер адам табылды.

Жаңа құрылғы биометриялық бейнеталдау жүйесімен жабдықталған. Ол адамдардың бет-әлпетін талдап, полиция дерекқорларындағы мәліметтермен сәйкестікті анықтауға көмектеседі.

Бұл ретте полиция қызметкеріне смартфон немесе планшет шығарудың қажеті жоқ. Ықтимал сәйкестік туралы ақпарат тікелей көзілдіріктің көру аймағында пайда болады. Осылайша тәртіп сақшылары патрульдеу жұмысынан алаңдамай, адамдарды тексере алады.

Әзірге Алматыда мұндай көзілдіріктің бір ғана данасы қолданылып жатыр. Құрылғы пилоттық жоба аясында сынақтан өткізілуде. Дегенмен алғашқы нәтижесі қазірдің өзінде белгілі болды.

Күні кеше қаладағы мешіттердің бірінде полиция қызметкерлері Шымкент полициясы бастамасымен іздеуге жарияланған ер адамды анықтады.

Жүйе дерекқордағы мәліметтермен сәйкестікті анықтауға көмектескен. Ақпарат тексерілгеннен кейін ер адам ұсталып, одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін тиісті органдарға тапсырылды.

Полиция өкілдерінің пікірінше, мұндай көзілдірік әсіресе адам көп жиналатын орындарда тиімді. Мәселен, қоғамдық орындарды патрульдеу кезінде бұл құрылғы іздеуде жүрген адамдарды әлдеқайда жылдам анықтауға көмектесуі мүмкін.

Ведомство жаңа технологиялар іздестіру жұмыстарын жеделдетіп, қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді деп үміттенеді.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.