Оқушыға жасалған зорлық, қорқыту және ақша ұрлату: Қостанайда жәбірленген оқушының анасы сұмдық жайттарды баяндады
Қостанай облысы Қамысты ауданының Алтынсарин ауылында бесінші сынып оқушысына қатарластары бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді.
Жәбірленуші баланың анасы Альбина ZTB тілшісіне оқиғаның мән-жайын баяндап, баласының басынан өткен жағдайды қалай білгенін айтып берді.
"Кешкі сағат тоғызда полиция мен әлеуметтік педагог үйіме келді"
Альбина ұлының басынан өткен жағдайды мектеп қызметкерлері мен полициядан естіген. Айтуынша, сол күні кешкі уақытта үйіне учаскелік полиция инспекторы мен мектептің әлеуметтік педагогі келген.
"Кешкі сағат сегіз шамасында ұйықтап қалған едім. Сағат тоғыздар шамасында кенеттен біреулер есік қақты. Есікті балаларым ашқан. Есіктің алдында учаскелік полиция инспекторы мен мектептің әлеуметтік педагогі тұрды. Олар балама қатысты анонимді қоңырау түскенін, арнайы мамандар келгенін айтып, тезірек киініп, мектепке баруымды сұрады. Нақты не болғанын ашып айтпады", — дейді Альбина.
Мектепке барған кезде әйел директордың кабинетінде прокуратура өкілін, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын маманды, мектеп басшылығы мен мұғалімдерді көрген. Сол жерде оған ұлына қатысты жыныстық сипаттағы әрекет жасалғанын хабарлаған.
«Не айтарымды білмей, аңтарылып қалдым»
Анасының айтуынша, алтыншы сыныптың екі оқушысы бесінші сыныпта оқитын ұлын мектеп әжетханасына кіргізіп, оған жыныстық сипаттағы әрекет жасаған. Оқиғаның куәсі болған оныншы сынып оқушысының арқасында жағдай белгілі болған.
"Олар маған: "Сіздің ұлыңызға сексуалдық сипаттағы әрекет жасалған" деді. Куәгердің айтуынша балам тізерлеп отырып аузына алған. Алдында тұрған баланың шалбары шешіліп тұрған екінші бала жандарында тұрған. Есік ашылған соң куәгерді көріп аузынан шығарып жіберген. Куәгер бала аңтарылып тұрып қалған. Оқиғаны көрген бала анасына айтар-айтпасын білмей, екі күн ойланып жүрген екен. Кейін анасына айтыпты. Ол әйел мектеп директорына, кейін маған хабарласып, бәрін айтып берді", — дейді жәбірленушінің анасы.
Альбинаның сөзінше, мектепте отырған мамандар оған арыз жазу немесе жазбау туралы шешімді өзі қабылдайтынын айтқан.
"Мен оларға бірден өз ұстанымымды жеткіздім. Жалғызбасты ана болғаныма қарамастан, қандай жағдай болмасын, бәрін заң аясында шешетінімді айттым. Құқық қорғау органдары заңға сәйкес әрекет етсін дедім. Сол жерде айтылған кейбір сөздер маған түсініксіз болды. Бірақ ешқандай айғай-шусыз, сабырмен өз пікірімді білдірдім", — дейді ол.
"Күдікке ілінген баланың ата-анасы сол мектепте мұғалім"
Мектептен шыққан соң Альбина баласының әкесіне хабарласып, болған жағдайды баяндаған. Ол барлық тарапты жинап, оқиғаның мән-жайын анықтауды ұсынған.
Осыдан кейін күдікке ілінген балалар мен олардың ата-аналары да мектепке шақырылған.
"Жәбір көрсетті деген балалардың бірі танысымыздың баласы. Әкесі мен анасы сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бастапқыда ешкімге арыз жазып, мәселені ушықтырғым келген жоқ. Барлығын сабырмен тыңдап, байыппен шешуге тырыстым. Ал екі ана сол жерде жылап, айғайлап, өз балаларына қол көтеріп, ұрса бастады. Тіпті естерінен танып, құлап жатты. Мектепте кәдімгідей спектакль қойып кетті. Өзім басым бәлеге қала ма деп шошып кеттім", — дейді Альбина.
«Баламды қорқытып, ешкімге айтпауды талап еткен»
Альбина Алтынсарин ауылына тамыз айында көшіп келген. Анасының айтуынша, ұлына қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер бір рет емес, бірнеше рет жасалған.
"Мұндай жағдай үш рет болған. Алғашқысы моншада, екіншісі ауылдың шетіндегі асханада, үшіншісі мектеп әжетханасында болған. Екі-үш бала ұлыма тиісіп жүрген. "Ешкімге айтпа, айтсаң, ұрамыз" деп қорқытқан", — дейді ана.
Сонымен қатар Альбина баласын қатарластары ақша ұрлауға да мәжбүрлегенін алға тартты.
"Бір күні баламның қалтасынан ақша тауып алдым. Ол маған сыныптастарынан ұрлап алғанын айтты. Сол кезде балама ұрсып, мұндай әрекетке бармауды ескерттім. Осы жолы барлық жағдай белгілі болғанда, әлгі балалардың ақша ұрлатып жүргенін ұлымның өзі мойындады. Кінәлі балалар да, олардың заңды өкілдері де заң алдында жауап берсін. Басқа балалардың осылай зардап шеккенін қаламаймын", — дейді Альбина.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Қостанай облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріледі. Тергеу аяқталмай тұрып қорытынды жасамауға шақырамыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз" деп мәлімдеді жергілікті полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Анасы айтқан жайттарға тергеу барысында құқықтық баға берілуі тиіс.


