Қандастар Тоқаевқа үндеу жолдады: KazTest-тен өте алмаған 70 жастағы әжей елден кетуге мәжбүр
Тарихи Отанына көшіп келген этникалық қазақтар KazTest тілдік тестілеуіне байланысты Қазақстан азаматтығын алуда қиындықтарға тап болғанын айтып, шағымданды.
Олардың кейбірі емтихан тапсыра алмай, азаматтық алуға қажетті құжаттарын өткізе алмай жүр. Ал көбінің ел аумағында заңды түрде болу мерзімі аяқталуға жақын.
Бұл мәселені блогер Бурахан Дақанов көтерді. Оның айтуынша, осындай жағдайға тап болған қандастар күн сайын оған хабарласады екен.
Атап айтқанда, 70 жастағы әжей ұлдарының жанында тұру үшін Қазақстанға көшіп келген. Алайда ол KazTest емтиханынан өте алмай, азаматтық алуға қажетті құжаттарын тапсыра алмаған. Енді ол елден кетуге мәжбүр болып отыр.
Қоғам белсендісінің айтуынша, кейбір отбасылар Қазақстанға көшіп келмес бұрын шетелдегі дүние-мүлкін сатып, елімізден баспана сатып алған, балаларын мектепке орналастырған. Енді құжат рәсімдеудегі қиындықтарға байланысты олар бұрынғы тұрған елдеріне қайту қаупімен бетпе-бет келіп отыр.
Қандастар егде жастағы адамдар мен араб графикасына негізделген дәстүрлі жазуды (төте жазуды) қолданатын этникалық қазақтар үшін азаматтық алу кезінде арнайы жеңілдіктер қарастыруды сұрайды.

