KZ
RU KZ

Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының орнына не салынады?

Алматыдағы бұрынғы трамвай депосының орнында бой көтеретін креативті кластер құрылысы 2028 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.

Креативті кластер
Креативті кластер Фото: «Рауза-ПВ» ЖШС

Құрылыс мерзімі қаржыландырудың бөлінуіне байланысты. Алайда жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражаттың түпкілікті көлемі әзірге нақтыланбаған.  Бұл туралы қалалық Құрылыс басқармасы мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, жоба аясында жертөлесі бар, төрт қабатты көпфункционалды қоғамдық кешен салу көзделген. Оның жалпы аумағы 31,5 мың шаршы метрден асады.

Кешен құрамында спорт және концерт залдары, жерасты автотұрағы, қоғамдық және мультимедиалық кеңістіктер, заманауи өнер галереясы, студиялар, шеберханалар мен қазақстандық дизайнерлердің көрме-сату алаңдары болады.

Сонымен қатар айналасы абаттандырылады. Мұнда амфитеатр, жазғы демалыс аймағы, саябақ және балалар ойын алаңдары жоспарланған.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, жұмыстарды «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС жүргізіп жатыр.  

2026 жылғы бюджетті нақтылау кезінде мәслихат бұрынғы трамвай депосының орнында қоғамдық кеңістік салуға 1 млрд теңге бөлуді мақұлдаған болатын.

«Қажетті қаржы толық бөлінген жағдайда нысан құрылысын 2028 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр» деп хабарлады Құрылыс басқармасы.

Креативті кластер жобасын «DOMA DOMA» қоғамдық қорының тапсырысы бойынша «Рауза-ПВ» ЖШС әзірлеген. Жобаны дайындауға демеушілік жасаған «DOMA DOMA» қоры Ақтау қаласында тіркелген.

Қор жетекшісі Самсон Аракелян. Ол «Астана» кәсіби баскетбол клубының бас директоры. Ол сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық баскетбол федерациясы құрылтайшыларының бірі.

Жоба Құрылыс басқармасына өтеусіз негізде тапсырылған. Құрылыс жұмыстары биыл шілде айының соңында басталған.

Алматыдағы трамвай депосын қайта жаңғырту мәселесі ұзаққа созылды. 2015 жылы қалада трамвайлардың қатысуымен болған екі ірі жол-көлік оқиғасынан кейін трамвай қозғалысы тоқтатылған еді. Сол кезде жүргізілген сараптама трамвай жолдарының тозғанын, ал жылжымалы құрамның техникалық жағдайы нашар екенін көрсеткен. Ол уақытта қалада небәрі екі трамвай бағыты жұмыс істейтін.

Соған қарамастан, сарапшылар Алматыдағы трамвай жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, оны одан әрі дамытуға да мүмкіндік болғанын айтады.

2016 жылдың тамызында Алматыны дамыту орталығы бұрынғы трамвай депосының орнында қоғамдық кеңістік құрудың үздік тұжырымдамасына байқау жариялады. Бастапқыда байқауға 23 жоба ұсынылды. Олардың арасында мұражайлар, арт-кеңістіктер және көпфункционалды кешендер болды.

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.