АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижесіне Еуропа не үшін алаңдаулы?
АҚШ-та өткен аралық сайлауда демократтардың жеңіске жетуі Дональд Трамптың президенттік мерзімінің соңына қарай саяси ықпалын әлсіретуі мүмкін.
Алайда бұл оның сыртқы саясаттағы әрекеттерін одан әрі болжап болмайтын жағдайға жеткізуі ықтимал. Еуропада Украина, Иран, НАТО және сауда қатынастарына байланысты жаңа дағдарыстар туындауы мүмкін деген алаңдаушылық күшейіп отыр.
2026 жылғы АҚШ-тағы аралық сайлау қазіргі Америка саяси тарихындағы ең ірі жеңілістердің біріне айналды. Демократтар республикашыларды ығыстырып, Конгрестің қос палатасында да бақылауды қолға алды. Сонымен қатар елдің бірқатар штатында губернаторлық сайлауда жеңіске жетіп, Дональд Трампқа ауыр соққы жасады.
Президенттің өзі бұл дауыс беруге қатыспағанымен, сайлаушылар оның халыққа оң ықпал ете алмаған әкімшілігінің жұмысына өз бағасын берді. Енді Трамп Ақ үйдегі өкілеттігінің соңғы екі жылына саяси беделі әлсіреген, қарсыластарының сенімі артқан және президенттік мерзімі аяқталуға жақындаған жағдайда қадам басып отыр.
Алайда Еуропаны мазалайтын басты мәселе — саяси ықпалы әлсіреген Трамптың әрекеттері бұрынғыдан да қауіпті бола түсе ме деген алаңдаушылық.
Соңғы екі жылда Еуропалық одақ Вашингтон тарапынан қауіпсіздік, сауда және энергетика салаларында бірқатар қысымға тап болды. Енді Трамптың ішкі саяси бастамалары Конгрестің қатаң қарсылығына ұшырауы мүмкін. Сондықтан ол саяси бастаманы қайта қолға алып, өзінен кейін қалатын саяси мұраны қалыптастыру үшін сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөлуі ықтимал. Өйткені бұл бағытта президенттің әрекет ету мүмкіндігі кеңірек.
Еуропалық одақ дипломаттарының бірі Euronews басылымына берген сұхбатында Трампты дәстүрлі мағынадағы «ақсақ үйрекке» қарағанда, «құтырған итке» көбірек ұқсатуға болатынын айтты. Дипломат мұндай теңеу әдетте Конгрестің қарсылығына тап болған президенттерге қатысты қолданылатынын еске салды.
АҚШ-пен байланыс жөніндегі Еуропарламент делегациясын басқаратын италиялық, орталық-солшыл бағыттағы депутат Брандо Бенифеи де осы алаңдаушылықты бөліседі.
«Алдағы екі жылда Трамп сыртқы саясатта бұрынғыдан да болжап болмайтын шешімдер қабылдауы мүмкін. Бұл Еуропа үшін қосымша қиындықтар туғызады. Оның Украина мен Таяу Шығысқа қатысты шешімдері бізге айтарлықтай әсер етеді», — деді ол Euronews-ке берген сұхбатында.
Еуропаны алда не күтіп тұр? Конгрестегі демократтардың ықпалының артуы Трампқа қақтығыстарды тоқтату жөніндегі қысымды күшейтуі мүмкін. Себебі демократтар федералдық бюджет шығындары мен парламенттік тергеулерге көбірек ықпал ете алады.
Конгрестің соғыс жариялауға қатысты конституциялық өкілеттігі бар. Сондай-ақ ол АҚШ-тың әскери қимылдарға қатысуын тоқтатуға бағытталған заңдар қабылдай алады. Алайда Трамп мұндай құжаттарға вето қоюы мүмкін. Ал президент ветосын еңсеру үшін Конгрестің қос палатасында да депутаттардың үштен екісінің қолдауы қажет.
Демократтардың сайлаудағы жеңісіне қарамастан, бұл әлі де күрделі кедергі болып қала береді
Сонымен бірге аралық сайлау Вашингтонның Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты ұстанымында елеулі өзгерістерге жол ашуы мүмкін.
Сайлау Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынас нашарлаған кезеңде өтті. Трамп Ресейден дизель отынын АҚШ-қа импорттауға рұқсат бергені және Мәскеуге қарсы санкцияларды жеңілдеткені үшін сынға ұшырады.
Демократтар бақылауындағы Конгресс Трампқа Украинаға көрсетілетін әскери көмекті сақтап қалу жөніндегі қысымды күшейтеді деп күтілуде. Әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныстың маңызды жүйелері мен баллистикалық зымырандарды ұстап қалуға арналған құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесіне басымдық берілуі мүмкін. Сонымен қатар Конгресс Ақ үйден Мәскеуге қатысты қатаң ұстаным қалыптастыруды талап етуі ықтимал.
Брюссель мен Вашингтон қазіргі уақытта 2025 жылдың шілдесінде жасалған сауда келісімі аясында жұмыс істеп келеді. Құжатқа сәйкес, Еуропалық одақтан АҚШ-қа жеткізілетін тауарлардың басым бөлігіне 15 пайыздық кедендік баж салығы белгіленген. Ал Еуропалық одақ АҚШ-тан келетін өнеркәсіптік тауарларға салынатын баж салығын алып тастауға міндеттенген.
Сайлаудағы жеңіліс Трамптың сауда серіктестеріне деген наразылығын күшейтіп, жаңа тарифтік шектеулер енгізу қаупін арттыруы мүмкін. Бұған дейін ол Еуропалық одақ елдерінің цифрлық заңнамасына байланысты оларға кедендік баж салығын көтеретінін ескерткен еді.
Екінші жағынан, демократтар Конгрестегі ықпалының артуын пайдаланып, президентке қысым көрсету арқылы АҚШ-тың сауда саясатын барынша болжамды етуге тырысуы да мүмкін.
Алайда мұндай қысым Еуропа елдеріне АҚШ-пен жасалған келісім аясында көбірек жеңілдік алуға көмектесе ме, әзірге белгісіз.
Қазіргі уақытта Еуропалық одақ АҚШ енгізген 15 пайыздық баж салығынан босатылу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонымен қатар Брюссель АҚШ-тың болат импортына салған 50 пайыздық баж салығын төмендету жөнінде келіссөз жүргізуге күш салуда.

