KZ
RU KZ

АҚШ пен Иран арасындағы жасырын келіссөздер Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістірді

АҚШ-та өткен аралық сайлаудан кейін Ирандағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер жандана түсті.

АҚШ, Таяу Шығыс
АҚШ, Таяу Шығыс ZTB. ЖИ иллюстрация

Вашингтон мен Тегеран арасында жасырын дипломатиялық байланыстар жүріп жатқаны хабарланғанымен, Таяу Шығыстағы жағдай әлі де тұрақсыз. АҚШ президенті Дональд Трамп өз партиясының аралық сайлаудағы нәтижелерінен кейін Иранмен жаңа ауқымды әскери қақтығыстың алдын алу үшін дипломатиялық әрекетті күшейтуге болатынын аңғартты.

Дональд Трамп АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі әуе қорғанысы нысандарына, соның ішінде Ормуз бұғазындағы Кешм аралына жаңа әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Алайда ол бұл әрекеттерді «елеусіз шаралар» деп санайды.

Сонымен қатар Ирактағы газ кен орнында ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылынан кейін өндіріс тоқтағаны, ал Ормуз бұғазында үш мұнай танкерінің жарылғаны туралы ақпарат тарады.

Трамп Ирандағы соғысты аяқтау және қақтығыстарды реттеудің ықтимал жолдарын талқылау үшін Ресей президенті Владимир Путинмен және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ шетелдік БАҚ-тардың хабарлауынша, АҚШ президенті Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға Газа секторындағы бейбітшілік жоспарын жүзеге асыруды кірісуге шақырған.

Сейсенбі күні өткен аралық сайлаудан кейін дипломатиялық белсенділік артқанымен, келіссөздер барысы туралы тараптардың ешқайсысы да, делдалдық қызмет атқарып отырған Катар да нақты мәлімет берген жоқ. Ал Иран сайлау нәтижелерін келіссөздердегі өз ұстанымын қорғау үшін пайдалануға тырысты.

«Америкалық сайлаушылар өз таңдауын жасады. Енді Ақ үй де өз шешімін қабылдайтын уақыт келді», — деді Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи жексенбі күні.

CNN телеарнасының хабарлауынша, екі тараптың да бір-бірі үшін бастапқы келіссөз талаптарына айналуы қиын бірнеше негізгі шарты бар.

Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасын толық жоюға ұмтылып отыр. Ал Тегеран бұл мәселені ұлттық егемендікке қатысты  деп санайды.

Иран билігі ашық түрде Вашингтонмен ядролық бағдарлама жөнінде келіссөз жүргізбейтінін және жеті алдын ала шарты орындалмайынша Ормуз бұғазын ашпайтынын мәлімдеді. Бұл талап қатарында соғысты «барлық майданда» тоқтату және теңіз блокадасын алып тастау бар. Алайда қалған шарттардың нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

Әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің бірі саналатын Иран АҚШ санкцияларына байланысты шикі мұнайын халықаралық нарықта сатуда барған сайын қиындықтарға тап болып отыр. Сонымен қатар шетелдік банктерде сақталған Иранның миллиардтаған долларлық активтері де бұғатталған.

Вашингтон бұл шектеулерді жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді. Мұндай қадам Тегеранға ел ішіндегі экономикалық қысымды азайтуға көмектесуі мүмкін. Қазіргі уақытта Иранда инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, халықтың тұрмысына салмақ түсіріп отыр.

Бұдан бөлек, Иран соғыс басталған ақпан айының басында АҚШ пен Израиль шабуылы салдарынан қаза тапқан жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи мен елдің жоғары әскери қолбасшыларының өлімі үшін АҚШ-тан өтемақы талап етіп отыр.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.