KZ
RU KZ

Криштиану Роналду Португалия құрамасымен қоштасты

«Алтын доптың» бес дүркін иегері Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасы сапында енді алаңға шықпайтынын мәлімдеді.

Криштиану Роналду
Криштиану Роналду Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Оның мұндай шешім қабылдауына ұлттық құраманың орналасқан жерінен өз бетінше кетіп қалғаннан кейін туындаған дау-дамай себеп болды.

Ұлттық құрама сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соққан, Еуропа чемпионы және Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанған футболшының мансабы шынымен де ерекше. Алайда Роналдудың ұлттық құрамамен қоштасуы көптің көкейіне қона қойған жоқ. Оның жеке жетістіктерін команда мүддесінен жоғары қоятыны туралы пікірлер бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Ал құрамамен соңғы кездесу үлкен дау-дамайға ұласты.

«7-нөмірлі жейдені қайтарып беремін»

Криштиану Роналду ұлттық құрамадан кететінін Instagram парақшасында жариялады. Оның әлеуметтік желідегі парақшасына 679 миллион адам жазылған.

"Португалия халқына үн қатқым келеді. Ұлттық құраманың 7-нөмірлі жейдесін қайтарып беретін күн де жетті. Мен бұл жейдені ешқашан тек өзіме ғана тиесілі деп санаған емеспін. 

Бұл оңай шешім емес. Бірақ кейбір шешімдерді тек ақылмен емес, жүрекпен де қабылдайсың. Голдар ұмытылады, жүлделер мұражайларда қалады, рекордтар бір күні жаңарады. Алайда уақыт ешқашан өшіре алмайтын бір нәрсе бар. Ол — адамдардың жүрегінен алатын орнымыз. Мен өмірімді әлемдегі ең үздік футболшы болуға арнадым. Португалия әрдайым жүрегімде" деп жазды Роналду мәлімдемесінде.

2024 жылы Германияда өткен Еуропа чемпионатында Криштиану Роналду дәстүрлі түрде Португалия құрамасының капитаны әрі көшбасшысы болды. Ол турнирдегі бес кездесудің барлығына қатысты. Алайда бірде-бір гол соға алмады. Португалия құрамасы ширек финалда Франциядан пенальти сериясында жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Сол кезде-ақ ұлттық құраманың басты жұлдызы шабуылда белсенді болғанымен, оның әрекеті команданың жалпы ойынына кері әсер етіп жүргендей болды. Роналду барынша қақпаға ұмтылып, жиі соққы жасағанымен, команданың басқа ойыншыларының мүмкіндігі көлеңкеде қалды.

Ол Португалия құрамасындағы алғашқы кездесуін 2003 жылғы 20 тамызда Қазақстанға қарсы жолдастық матчта өткізген. Ұлттық құрама сапында 23 жылдан астам өнер көрсетті.

234 матч өткізіп, 146 гол соқты. Бұл — ұлттық құрамалар арасындағы әлемдік рекорд. 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды. УЕФА Ұлттар лигасын 2019 және 2025 жылдары екі рет жеңіп алды. Соңғы кездесуі Ұлттар лигасы аясындағы қыркүйек айында өткен Уэльс құрамасына қарсы матч.

Роналдудың ұлттық құрамадан кету туралы шешімі команда ішіндегі жанжалдан кейін қабылданды. Норвегияға қарсы кездесуде алаңға шығарылмаған соң, футболшы құрама орналасқан жерден өз бетінше кетіп қалған. Осы оқиғадан кейін Португалия футбол федерациясы оған айыппұл салып, 30 күнге жарыстардан шеттетті.

Осыдан кейін 41 жастағы шабуылшы ұлттық құраманың 7-нөмірлі жейдесін келер ұрпаққа қалдыратынын мәлімдеді.

Дегенмен Криштиану Роналду футболдағы мансабын толық аяқтаған жоқ. Ол клуб деңгейінде Сауд Арабиясының «Әл-Наср» командасы сапында өнер көрсете береді.

 

 

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.