KZ
RU KZ

«Сіздің жиеніңізбін деді»: Қазақстан азаматы Жапаровқа 200 мың долларға алданып қалғанын айтты

Қазақстандық Әлиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа Шу облысында карьер сатып алу кезінде алаяқтыққа тап болғанын айтып, шағымданды.

Садыр Жапаров
Садыр Жапаров Фото: 24 kg

Оның сөзінше, 200 мың доллардан астам қаражатынан айырылған. Алаяқтыққа қатысы бар адамдардың бірі өзін Қырғызстан президентінің туысымын деп таныстырған.

Президентпен кездесу кезінде Афаров Қант қаласының маңынан карьер сатып алғанын, алайда кейін ұйымдасқан қылмыстық топ нысанды алаяқтық жолмен қайтарып алғанын жеткізді.


«Мен карьер сатып алдым, бірақ ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түсіп қалдым. Олар алаяқтық жолмен оны қайтадан тартып алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін сіздің жиеніңіз, туысыңыз Азамат Жапаров деп таныстырды. Екіншісі — Ильясбек Қаипов», — деді ер адам.

 

Президент аталған адамның шынымен өз туысы екенін нақтылады.

 

«Ал Жапаров Азамат менің туысым ба? Әлде аттас адам ба?» — деп сұрады мемлекет басшысы.

 

Афаров ер адамның өзін президенттің туысымын деп таныстырғанын, алайда кейін бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталғанын айтты.

Сондай-ақ Қазақстан азаматы жанжалға қатысы бар адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.  Ол Мәскеуде ұсталған.

Шағымды тыңдаған Садыр Жапаров Ішкі істер министрлігіне өтініш иесін кездесуден кейін бірден қабылдап, оқиғаның мән-жайын анықтауды тапсырды.

 

«Ішкі істер министрлігі, кездесуден кейін бірден қабылдап, барлық деректі нақтылаңыздар», — деп тапсырды президент.

 

Одан кейін мемлекет басшысы аталған адамдардың қазір қайда жүргенін сұрады. Олардың әлі ұсталмағанын естіген Жапаров қосымша тапсырма берді.

 

«Ішкі істер министрлігі, оларды ұстаңыздар және ақшаны қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек. Оған көмектесіңіздер», — деді президент.

Қазақстан азаматының арызы бойынша тексеру жүргізіліп жатқаны және өзі атаған адамдардың процессуалдық мәртебесі туралы Қырғызстан ІІМ әзірге ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.