Алматыдағы спорттық жаттығу базасы өртенді: спортшылар қайда барады?
Спорт басқармасы жеңіл атлетика манежіндегі өрттен кейін жаттығулар тоқтатылмайтынын мәлімдеді.
№ 2 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері қаладағы басқа спорт нысандарында жаттығуларын жалғастырады.
352 спортшыны төрт спорт базасына орналастыру жоспарланып отыр:
— 110 спортшы Республикалық спорт колледжінде жаттығады;
— 70 спортшы Олимпиадалық даярлау базасында;
— 60 спортшы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде;
— 112 спортшы қалалық спорт басқармасына қарасты дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде жаттығады.
Спортшыларды жаттығуға апару және кері жеткізу үшін көлік бөлінетіні де айтылды.
Басқарманың алдын ала мәліметінше, өрт салдарынан манеждің шамамен 1100 шаршы метр аумағы зақымданған. Спорттық құрал-жабдықтардың бір бөлігі, соның ішінде металл штангалар мен дискілер аман қалған. Қазіргі уақытта мамандар бүлінген мүліктің тізімін жасап жатыр. Ал шығын көлемін бағалау комиссиясы анықтайды.
«Мектеп әкімшілігі мен жаттықтырушылар ата-аналарға жаңа жаттығу алаңдарының мекенжайларын, сабақ кестесін және қатынау тәртібін хабарлайды. Манеж бұрынғы орнында қалпына келтіріледі. Жұмыс басталмас бұрын мамандар техникалық тексеру жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша қажетті жұмыстар, мерзімдер мен қаржыландыру көлемі айқындалады» деп хабарлады ведомство.
Өрт 15 қарашада Алматы қаласының Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде екі қабатты ғимарат ашық жалынмен жанып жатқан.
Зардап шеккендер жоқ.

