Тоқаев неге Сағымбаевты қызметінен босатып, Сәденовті жазалады?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатты.
Бұл туралы мемлекет басшысының кеңесшісі — баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
«Бұл шешім президенттің аталған арнаулы қызметті реформалау жөніндегі міндетін табысты іске асыру мақсатында басқарушы құрамдағы кадрларды ротациялау қажеттілігін ескере отырып қабылданды» деп жазылған жарияланған хабарламада.
Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдаған кезде мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа байланысты оқиғаға қатысы бар тұлғалардың ұсталуын да ескерген. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері өз жұмысында олқылықтарға жол берген. Осыған байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза қолданылды.
Ақорда «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты істің сыбайлас жемқорлық сипатында екеніне күмән жоқ екенін атап өтті. Хабарламада айтылғандай, мұны тергеу әрекеті барысында іске қатысы бар тұлғалардың іс-қимылдары да растайды. Президент жүргізіліп жатқан тергеу туралы әуел бастан хабардар болған. Оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз қалып отыр.
Сол күні Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізді. Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында қызметтік тәртіпті нығайтып, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.
Сондай-ақ ішкі істер министрі Ержан Сәденовке полицияның қатардағы және офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі ескертілді.

