KZ
RU KZ

Моңғолия президенті жемқорлыққа қатысты айыптаулардан кейін отставкаға кететінін мәлімдеді

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қызметінен кетуге ниетті екенін мәлімдеді.

Ухнаагийн Хүрэлсүх
Ухнаагийн Хүрэлсүх Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Мұндай шешім оның атына қатысты жемқорлық айыптаулары айтылып, оппозиция өкілдері тергеу жүргізуді талап еткеннен кейін қабылданған. Бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабарлады.

Моңғолиядағы саяси жағдайға байланысты дау 16 қарашада күшейген. Ел парламентіндегі Демократиялық партия фракциясы биліктегі лауазымды тұлғаларды жемқорлыққа және мемлекеттік ресурстарды заңсыз пайдалануға қатысы болуы мүмкін деп айыптап, олардың қызметтен кетуін мен әрекеттеріне құқықтық баға берілуін талап етті.

Оппозиция өкілдерінің мәлімдеуінше, президенттің аты мемлекеттік теміржол жобасына байланысты қаржылық заңбұзушылықтар туралы айыптауда аталған. Атап айтқанда, Таван-Толгой — Гашуунсухайт теміржол желісі құрылысына қатысты келісімшартты жасасу кезінде заңсыз әрекет болғаны айтылып отыр. Associated Press  агенттігінің хабарлауынша, бұрынғы Ұлан-Батыр қаласының әкімі Хишгее Нямбаатар президенттің осы жобаға байланысты 25 миллион доллар көлемінде қаржылық пайда алуы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде дәлелденген жоқ.

Ухнаагийн Хүрэлсүх өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеу органдарымен толыққанды жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Ол өзінің абыройы мен беделін қорғау үшін құзырлы органдарға жүгінетінін де айтты. Президенттің сөзінше, ешқашан мемлекет қаржысын жымқырып, халыққа тиесілі қаражатты жеке басының мүддесіне пайдаланбаған.

Айта кетейік, президенттің отставкаға кету туралы мәлімдемесі оның өкілеттігі бірден тоқтайды дегенді білдірмейді. Моңғолия заңнамасына сәйкес, мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін ел парламенті — Мемлекеттік Ұлы Хурал қарауы керек. Сондықтан Хүрэлсүхтің қызметтен нақты қашан кететіні парламенттің шешіміне байланысты болады.

Ухнаагийн Хүрэлсүх Моңғолия президенті қызметіне 2021 жылғы маусымда кіріскен. Бұған дейін 2017–2021 жылдары елдің премьер-министрі болған. Ол үкімет басшысы қызметінен коронавирус пандемиясы кезінде биліктің әрекетіне байланысты өткен наразылықтардан кейін кеткен.

Моңғолия президентінің бұл мәлімдемесі елдегі саяси жағдай күрделеніп тұрған кезеңде жасалды. Соңғы уақытта биліктегі Моңғол халық партиясы ішінде де келіспеушіліктер күшейіп, небәрі тоғыз айдың ішінде елде үш премьер-министр ауысқан. Оппозиция болса, мемлекеттік теміржол жобалары мен көмір экспортына қатысты келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді талап етіп отыр.

Айта кетейік, Ухнаагийн Хүрэлсүх 2026 жылғы сәуірде Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оған еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Алтын Қыран» орденін табыстады. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, тікелей автомобиль қатынасын ашу және Астана мен Ұлан-Батыр арасындағы әуе рейстерін қайта жандандыру мәселелері де талқыланды.

Моңғолия президентінің отставкаға кету туралы мәлімдемесі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жоғары деңгейдегі дипломатиялық байланысқа назар аудартады. Алдағы уақытта парламенттің шешімі мен тергеу нәтижелері елдегі саяси ахуалдың қалай өрбитінін айқындауы мүмкін.

Материалмен бөлісу
Біз cookie файлдарын қолданамыз
Cookie файлдары сайтты жақсартуға және трафикті талдауға көмектеседі. Толығырақ — Құпиялылық саясатында.